«Қазақстан және Британия: бізді не жақындастырады»
Бұл конкурс жайлы 16 қазан күні ғана оқыдым. Шынымды айтсам Yvision.kz блог ашқаныма бір апта да болған жоқ. Бірінші постты осы конкурстан бастамақпын. Бастапқы жазбам жаман емес секілді))).
Конкурспен таныса отырып, өмірімде болмаған бірақ болсам деген арман кеудеме ұялаған, «Тұманды Альбион» елі мен кең-байтақ Қазақстанның ұқсастығы жайлы шамам жеткенше жазбақпын.
Негізгі кәсібім қазақ тілді журналистпін. Сондықтан болар әр түрлі кәсіп иелерімен жиі сұхбаттасып, түрлі адамдармен жолым түйісіп жатады.
Соның ішінде менің есімде қалғаны 2000-2001 жылдары Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі болған белгілі қоғам қайраткері Әділ Құрманжанұлы Ахметовпен жасаған сұхбат болды.

Төтенше және өкілетті Елші, қоғам қайраткері Әділ Ахметов
Ол кісінің 1827 жылы ағылшын ғалымы Шарон Турнер жазған «Сақ па, әлде парсы ма?» мақаласын аударғанын білетінмін. Кейін мақаланы ол кісінің өзінен сұрап алған соң, оқи отырып, қазақша-ағылшынша көп сөздердің өзара ұқсастығына таң қалдым.

Шарон Турнер
Сурет http://en.wikipedia.org/wiki/Sharon_Turner сайтынан алынды
Мысал келтірсем:
- belt – белдік
- voice – дауыс
- tight – тар
- crook – қыңыр
- vile – бәлекет
Бұл ұқсас бес сөз бәлкім біреулерге күлкілі болып көрінер. Бірақ екі елдің арасын бөліп жатқан қаншама мыңдаған шақырым қашықтықты есептесек жоғарыдағы сөздердің айтылу ұқсастығы мен мағынасы таңғаларлықтай. Екі елді біріктіретін бірінші фактор мен үшін осы тілдік ұқсастық секілді.
Қазір бүкіл әлем ағылшын тілінде сөйлейді. Өзім де бұл тілді білмекке ұмтылып, талпынып-ақ жатырмыз. Осымен бесінші жыл қатарынан ағылшын тілін үйреніп жүрмін))) Шаршап кеткен сәттерде ағылшындардың салт-дәстүрлерін оқитын әдетім бар.
Салт-дәстүрдің үлкені үйлену тойларынан басталады. Оқығанымнан ұмытпасам ағылшындарда дәстүр бойынша қалыңдыққа сыйланатын сыйлық жаңа болу қажет екен. Ол жаңа отбасының жаңаша бақытын білдірсе керек дейді.
Біздің қазақтарда қалыңдыққа да тек жаңа заттардан сыйлық жасап, оны сандыққа салып беріп, жас отбасыға жаңа өмірдің басталуына ақ жол тілейді. Мұнымен екі деп қойыңыз.
Есімді білгеннен нағашы атам мен әжемнің қолында өстім. Шал – кемпірдің қолында өскен бала шайқор болады. ))) Оны ауылда өсіп, атасы мен әжесінің қасында отырып, самаурыннан шай ішкендер ғана түсінеді.

Сүт қатқан шай
Сурет http://dom-kulinarov.com/anglijskij-chaj-s-molokom.html сайтынан алынды.
Ағылшындықтар шай ішуді, әсіресе сүт қосып ішкенді жақсы көреді екен. Ал менің атам мен әжем, сосын мен өскен ауыл адамдары сүтсіз шай ішсе мазалары қашып, өздерін кедейліктің құрсауында қалғандай сезінеді. Ағылшындар мен қазақтарда шай ішу өзінше бір дәстүр екенін ескерсек, осымен саусақты бүгіп, үш делік.
Қазақ үшін от пен ошақтың орны ерекше. «От басы-ошақ қасы» бақытты ошағымның үш бұтына бере көр деген дана халқымыз. Бар кезде де біз үшін от киелі саналып, қазақ қыстаудан жазда жайлауға көшкенде жолдың екі жағына от жағып көшті өткізіп аластайтын болған. Киіз үйдің ортасына от жағып мосыға шәугімін қайнатып, тамақ пісірген. Оны алқа-қотан қоршап, жылынған.

Сурет http://skyeng.ru/articles/takie-interesnye-anglijskie-traditsii-i-obychai
(Қазір киіз үй келмеске кетіп, менің отандастарым да ата-баба дәстүрін жалғастырып, үй ортасына камин орнатып жүр). Ал отырықшы салтты ұстанған ағылшындар үшін Камин нағыз үйдің жүрегі. Өзге Еуропалықтар кешке кафе, барды жағалғанда ағылшындар қонақ бөлмедегі камин алдында отырып, өткен күн жайлы талқылап, өзара отбасымен болады. Екі халықты жақындатып, жаурағанды жылытып отырған үй ортасындағы оттағы ошақты қоссақ төрт болады.
«Соңғы түйенің жүгі ауыр» дейді қазақ. Бесінші ұқсастыққа не жазсам екен деп ойланып ми қатып кетті. Эрл Грей көмектеспей жатыр))). Шамасы қазақтың «Бір тал кессең, он тал ек» деген сөзі осы жерде орынды айтылған секілді. Себебі менің оқып білуімше өзін нағыз ағылшын санайтын азамат үйінің алдына бақша отырғызу керек екен. Оны аз десеңіз, жыл сайын аула бақтарының конкурсы өтеді екен. Кең-байтақ қазақ жерінде орман аз болғандықтан қазақ халқы тал егіп, ағаш отырғызудан қашпаған. Екі елдің ұқсастықтарын теріп жаза берсең таусылмас. Бәлкім бесеуден әлде қайда асып кетуі бек мүмкін. Мысалы кедейдің қамын жеген Робин Гуд пен Қамбар батыр жайлы жырлар ұқсас емес деп кім айтады. Сондықтан қалған ұқсастықтар мен ерекшеліктер жайлы нәсіп бұйырып, Лондонға жол түссе жазармын деген ой бар.
Иллюстрациядағы сурет http://www.zazzle.co.uk/kazakhstan+flag+posters сайтынан алып пайдаланылды.
