Қазақстан үшін EXPO-2017-нің маңызы қандай?
2012 жылғы 22 қарашада ХКБ-ге мүше 161 елдің өкілдерінің жасырын дауыс беру барысында Астана EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетін орын болып таңдалды. Астананың өтінімін 103 ел қолдады. ЕХРО-2017 ТМД елдерінде өтетін алғашқы көрме болмақ. Астанадағы бүкіләлемдік көрме 3 айға дейін жалғасатын болады. Оған әлемнің 100-ге жуық елі және 10 халықаралық ұйым қатыса алады. Көрмеге 5 миллионнан астам адам қатысады деп күтіліп отыр. ЕХРО-2017 көрмесінің «Болашақтың энергиясы» тақырыбы ең үздік әлемдік энергия сақтау технологиясын, күн, жел, теңіз, мұхит және термалды су тәрізді бүгінде бар баламалы энергия көздерін пайдалануда жаңа әзірлемелер мен технологияны пайдалануға мүмкіндік береді. Астана осы саладағы ең үздік әлемдік әзірлемелер мен трендтер көрсету үшін тиімді алаңға айналуы мүмкін. Көрме сондай-ақ елдің өндірістік қуаты мен ғылыми базасын технологиялық жаңғырту және экономиканы жүйелі әртараптандыру үшін қуатты серпін береді. Мұндай ауқымды іс-шараны өткізу шағын және орта бизнестің дамуына елеулі серпін береді. Көрме елорданың көрмелер объектілері құрылысы мен инфрақұрылымына едәуір жеке меншік инвестицияны тартуға мүмкіндік туғызады. ЕХРО көрмесін өткізу кезінде Қазақстанның астанасы әлемнің түкпір-түкпірінен келген түрлі мәдениеттер үніне толады. Көрменің аумағында күн сайын концерттер, шоу, ұлттық күндер және өзге де ойын-сауық іс-шаралары өтетін болады. EXPO бүкіләлемдік бірегей көрмесі – маңызы жағынан дүниежүзілік экономикалық форумдармен, ал туристік тартымдылығы бойынша ең танымал әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстармен салыстыруға тұрарлық жаhандық ауқымдағы оқиға.
1851 жылы Лондонда өткен бірінші Бүкіләлемдік өнеркәсіп көрмесінен бастау алған EXPO халықаралық көрмесі әр жыл сайын зор танымалдыққа ие болып, барлық қатысушыларға әлемнің экономикалық, технологиялық және мәдени жетістіктерімен танысуға тамаша мүмкіндіктер беріп келеді. Көрме сондай-ақ инновациялық идеялар алмасу және болашаққа қатысты ұжымдық көзқарас мүмкіндіктерін сенімді көрсету үшін ерекше алаң болып табылады.
ЕХРО көрмесін миллиондаған туристер тамашалайды, сондықтан әрбір ел өз мәдениетіндегі ұлттық өзіндік ерекшеліктерін танытатын және өздерінің экономикалық және технологиялық дамуының деңгейін бүкіл әлемге көрсететін бірегей павильон құруға ұмтылады.
Дереккөз: Baq.kz
