Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Г.Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Алматы облысына барады

Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Г.Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Алматы облысына барады. Талдықорғанға сондай-ақ, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенова және ҚР Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов келеді.

Г.Н.Әбдіқалықова облыс басшылығымен және тұрғындармен бірқатар кездесулер өткізіп, денсаулық сақтау, білім беру және халықты әлеуметтік қорғау салаларындағы түйінді мәселелерді талқылайды. Сондай-ақ, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың («Жұмыспен қамту жол картасы 2020», «Саламатты Қазақстан») іске асыру тиімділігін арттыру және министрліктер мен Алматы облысы әкімдігі арасындағы меморандумдардың уақытылы және сапалы орындалуы бойынша тапсырмалар беріледі.

Қазіргі таңда Алматы облысының тұрғындар саны 2 млн. адамды құрайды, олардың 77 % ауылдық жерлерде тұрады. Осыған байланысты шалғайда орналасқан ауылдар мен аудандардағы медицина және әлеуметтік сала қызметкерлеріне жүктелетін қызмет көлемі артады.

Алматы облысы мемлекеттік және салалық бағдарламаларының негізгі көрсеткіштері бойынша оң серпінді көрсетуде. Бірақ кейбір мәселелерді шешу үшін жергілікті атқарушы органдардың атқаратын қызметтерін күшейту қажет. Осыған орай үкімет делегациясы халыққа уақытылы және сапалы қызмет көрсету, медициналық көмекке, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру және жұмыспен қамту қызметтеріне бірдей қол жеткізу мәселелері бойынша тапсырма береді.

ҚР Премьер-Министрі орынбасарының сапары бағдарламасында халықты әлеуметтік қорғау саласындағы проблемаларды талқылап, саладағы жаңалықтарды  (ҚР-да Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге дайындық және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары; Зейнетақы жүйесін жаңарту тұжырымдамасы; Мүгедектердің құқықтарын қорғау туралы заң жобасы) түсіндіру мақсатында облыс тұрғындарымен – ардагерлермен, зейнеткерлермен, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен кездесуі жоспарланған.

Үкіметтік делегация мүшелері бірқатар денсаулық сақтау нысандарын, оның ішінде облыстағы 16 орталық аудандық аурухананың бірі – Ескелді аудандық орталық ауруханасына, сондай-ақ, облыстық кардиологиялық орталыққа және «Нұр-Авиценум» жекеменшік клиникасына барады.

Сапар қорытындысында Алматы облысының денсаулық сақтау қызметкерлерімен және Талдықорған агротехникалық колледжі студенттерімен кездесулер жоспарланып отыр.

 

Анықтама ақпарат:

Алматы облысында «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасын қаржыландыру көлемі 2011 жылғы 1 маусымнан бастап 23,6 млрд. теңгені құрады. Бағдарламаға қатысқан 25 600 адамның ішінде 49 % - өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, 27,2% - жұмыссыздар және 6,3% - аз қамтылған азаматтар. Бағдарлама шеңберінде оқыту/қайта оқыту, жұмыспен қамту және шағын насиелендірумен қатар еңбекке қабілетті жастағы 324 азаматты (балалармен және егде жастағы адамдармен қоса алғанда барлығы 652 адам) даму тұрғысынан алғанда келешегі жоқ ауылдардан облыстың тірек кенттеріне көшіру шаралар қабылданды. Осы мақсатта 53 көппәтерлі үй тұрғызылды.

«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының 1 кезеңінің қорытындылары бойынша барлық 6 мақсатты көрсеткішке қол жеткізілді. Нәтижесінде саланың басты көрсеткішінің бірі - азаматтардың болжамды өмір сүру ұзақтығы 2010 жылмен (68,41) салыстырғанда 2,04 жылға артып, 70,45 жасқа жетті. Соңғы 3 жылда аналар өлімі көрсеткіші 3 есеге азайды. Мемлекеттік бағдарлама іске асырыла бастағалы диагностика мен емдеудің жоғары технологиялық әдістерін қолдануды кеңейту және ауруларды ерте кезеңде анықтау арқасында жүрек қан тамырлары ауруларынан болатын өлім көрсеткіші 2 есеге төмендеді. Қатерлі ісік ауруларынан болатын өлім-жітім республика бойынша 11% азайды. Жүрек қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім республикадағы орташа көрсеткіштен төмен, соңғы 3 жылда 1,7 есеге азайды.

«100 мектеп, 100 аурухана құрылысы» және «350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік тіректер және емханалар құрылысы» жобалары шеңберінде облыста 14 денсаулық сақтау нысаны салынды және тағы 29 емдеу мекемесінің құрылысы жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жергілікті бюджет қаражаты есебінен 15 денсаулық сақтау нысанын салу көзделген.  2014 жылғы 1 қаңтардағы ресми статистика бойынша, облыста дәрігерлер жетіспеушілігі жоқ - соңғы 3 жылда облысқа 314 жас маман келіп, олардың 220-сы ауылдық жерлерге жұмысқа орналастырған.

Үкімет қарауында жатқан Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге дайындық және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары ардагерлерге дауажай-шипажайда емдеуге материалдық көмек көрсету, тегін жолақы ұйымдастыру, баспанамен қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрмыстарына қолдау көрсету сияқты кешенді шараларды қарастырады.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев мақұлдаған Зейнетақы жүйесін жаңарту тұжырымдамасы бірқатар жаңалықтар, оның ішінде еңбек өтіліне қарай базалық зейнетақы төлемін (қазіргі таңда күнкөріс оның мөлшері 10 450 теңгені құрайды – күнкөріс минимумының 50 пайызы мөлшерінде) арттыруды, яғни 10 жылға дейін еңбек өтілі бар зейнеткерлерге күнкөріс минимумының 50 пайызы мөлшерінде, 20 жыл еңбек өтілі барларға – 70 пайызы мөлшерінде,  ал еңбек өтілі 35 жылдан жоғары адамдарға – 100 пайызы мөлшерінде базалық зейнетақы төлеуді қарастырады (2017 жылдан бастап). Сондай-ақ, Тұжырымдама 2018 жылдан бастап жұмыс берушілер үшін әрбір жұмысшыға 5% міндетті жарна аудару қарастырылады.

«Мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ҚР кейбір заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, сондай-ақ, жұмыспен қамту және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жаңа жұмыс орындарын ашу сияқты көптеген мәселелерді қамтиды. Айта кететін жайт, 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектердің жәрдемақыларын 7%, 2015 жылғы 1 шілдеден бастап тағы 15% арттыру жоспарланған.   

2014 жылы Қазақстанда «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» атты жоба жүзеге асырыла бастады («Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында). Бұл жобаның негізгі мақсаты - еліміздің өңірлері арасындағы еңбек ресурстарының диспропорция мәселесін шешу. Жоба оңтүстік аймақтарының (Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау облысы, ОҚО) студенттерін оқыту үшін Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облысы мен Астана қаласындағы ТжКБ оқу орындарында 1000 орын бөлуді көздейді. Қазіргі кезде еліміздің 849 колледжінде шамамен 561 мың студент оқиды. Олардың 35687-сі Алматы облысындағы 70 ТжКБ оқу орнында.

   
0
0
316

Осы тақырып бойынша

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Г.Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Алматы облысына барады - Yvision.kz