Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» ұранымен іс-шара ұйымдастырылды
Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаев «Еліміздің болашағы – қазақ тілінде. Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Осылай тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылығымыз – туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі», - деп атап өткен болатын.
Қазақстан Республикасының халқы тілдері күніне орай Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген девизбен іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шара тіл саясатын насихаттауға, ұлт бірлігін нығайтуға, туған тілдің абырой-беделін асқақтатуға, тіл мәдениетін, қазақ елінің тарихын, қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттауға бағытталған.
Аталмыш мемлекеттік органда 10-нан астам ұлт өкілі қызмет етеді, іс қағаздарының мемлекеттік тілде жүргізілетінін атап өткіміз келеді.
Мереке күні министрліктің құрылымдық бөлімшелерінде «Тіл – ұлт байлығы», «Бір шаңырақтың астында», «Тіл атадан қалған асыл мұра», «Мемлекеттік тіл – менің тілім» және т.б. тақырыптарда қазақ тіліне арналған тіл бұрыштары ұйымдастырылды.
Айтулы мереке Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің аумақтық департаменттерінде және ведомстволық бағынысты ұйымдарында да атап өтілді.
