Қазақстан құрамалары қатысатын әлем біріншіліктері
Жақында Астанада өткен Қазақстан шайбалы хоккей федерациясының басқарушы органы болып табылатын атқару комитетінің отырысында алдағы маусымдағы дүбірлі додалар тізімі бекітілді.
Ерлер арасындағы ұлттық құрамамыз 2014 жылы Минскіде өтетін әлем чемпионатында бақ сынайды. Бұл – жоғарғы дивизион, әлемнің кіл мықтылары арасындағы дүлей дода. Аталған бүкіләлемдік біріншілік 2014 жылғы 9-25 мамыр аралығында өтеді.
Оған дейін біздің құрама Францияның Бриасон қаласында өтетін «Еурошақыртылым кубогына» қатысады. Бұл доданың өткізілу мерзімі – 2014 жыл, 6-8 ақпан аралығы.
Сондай-ақ ерлер арасындағы ұлттық құрамамыздың Минскідегі әлем чемпионатына дейін Австрия, Словения, Италия құрамаларымен кездесіп, дайындықтарын пысықтауы жоспарланған.
Жалпы, ерлер арасындағы әлем чемпионаты үш дивизион, жеті топқа бөлініп өткізіледі. Олар:
жоғарғы дивизион,
І дивизион («А» және «В» топтары),
ІІ дивизион («А» және «В» топтары),
ІІІ дивизион («А» және «В» топтары).
Жастар арасындағы құрамамыз (20 жасқа дейінгі) 2013 жылдың аяғындаҰлыбританияның Дамфрис қаласында өтетін бүкіләлемдік біріншілікте сынға түседі.
Бұл – жастар арасындағы әлем чемпионатының І-дивизионындағы «В» тобыныңдодасы. Өткізілетін нақты уақыты – 2013 жыл, 9-15 желтоқсан аралығы.
Жастар арасындағы әлем чемпионаты үш дивизион, алты топтан тұрады. Бәрі ересектер арасындағыдай, тек үшінші дивизионда бір-ақ топ бар.
Жасөспірімдер құрамасы (18 жасқа дейінгі) жастарымызға қарағанда әлем чемпионатының бір саты жоғары тобында бақ сынайтын болады.
Нақтырақ айтсақ – бірінші дивизионның «А» тобында. Өткізілетін мерзімі – 2014 жыл, 13-19 сәуір. Аталмыш мұзайдын додасы Францияның Ницца қаласындаөтеді.
Бұл жас санатындағы әлем чемпионаты тура ересектер арасындағыдай – үш дивизион, жеті топ.
Әйелдер арасындағы ұлттық құрамамыз келесі жылы да бірінші дивизионының «В» тобында өнер көрсетеді. 2014 жылғы 14-22 сәуір аралығында Латвияның Вентспилс қаласындағы бүкіләлемдік біріншілікте «А» тобына көтерілуге тырысып көреді.
Әйелдер арасындағы әлем чемпионаты екі дивизион, алты топқа жіктелген. Бұлар – жоғарғы дивизион, І дивизион («А» және «В» топтары), ІІ дивизион («А» және «В» топтары) және ІІ дивизиондағы «В» тобының електік додасы.
Бойжеткендер арасындағы құрамамыз әлі бірінші дивизионның іріктеу тобынан жоғары көтеріле алмай жүр. Бұл – қыздар арасындағы әлем чемпионатының ең төменгі тобы.
Қазақстан қыздары 2014 жылғы 17-23 наурыз аралығында Польшада өз бақтарын сынап, бірінші дивизион жолдамасына таласып көреді.
Бойжеткендер арасындағы әлем чемпионаты екі дивизион, үш топтан ғана құралған. Таратып айтар болсақ, жоғарғы дивизион, І дивизион және І дивизионның електік додасы.

