Қазақстан Қорғаныс министрі Ұлыбритания Елшісімен кездесті
Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков Ұлыбританияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Кэролин Браунды қабылдады.
Қорғаныс ведомствосының басшысы британдық елшіні Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық миссияға тағайындалуымен құттықтап, халықаралық және екі жақты әскери ынтымақтастық саладағы қызметіне табыс тіледі.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы әскери ынтымақтастықты дамытудың болашағы, НАТО әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылуы және Қазақстан бітімгерлік күштерінің БҰҰ миссиясына қатысу мәселелерін талқылады.
– Қазақстан әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету шеңберінде өзінің бітімгерлік күштерін БҰҰ миссиясына жіберуді жоспарлап отыр. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі қазақстандық бітімгерлік бөлімшесін дайындықтан өткізуде және Қазақстан азаматтарының БҰҰ миссиясына қатысуы жөніндегі заңнамалық құжаттарды әзірлеуде, – деп атап өтті Әділбек Жақсыбеков.
Кэролин Браун Ұлыбританияның Қазақстан Қарулы Күштерінің жауынгерлік әзірлігін жоғары бағалайтынын және «Қазбригтің» бітімгерлік операцияларына қатысуына қолдау көрсететінін жеткізді.
Қазақстан Қорғаныс министрі «Дала қыраны – 2012» тактикалық-арнайы бітімгерлік жаттығуларына қатысқан британдық әскери қызметшілерге ризашылығын білдірді.
ҚР Қорғаныс министрлігінің
Баспасөз қызметі
