Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қазақстан мен Өзбекстанның жоғары сот органдары Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Жоғарғы Сот Төрағасы Қ.Мәми бастаған қазақстандық делегацияның Өзбекстан Республикасына жұмыс сапары басталды. Іс-шара Ташкент қаласында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Жоғарғы Сот төрағаларының XII кеңесінің шеңберінде өтуде.

Сапар шеңберінде Қ.Мәми Өзбекстан Жоғарғы Сотының Төрағасы Көзімжан Камиловпен кездесті. Әңгіме барысында тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасында достық, тату көршілік пен өзара түсіністік қалыптасып отырғандығын атап өтті. Қазақстанның Жоғарғы Сот Төрағасы әріптесіне жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіре келе, екіжақты және көпжақты кездесулер аясында сот төрелігінің өзекті мәселелері бойынша қарым-қатынасты дамытудағы алдағы форумның маңыздылығын атап өтті.

Қ.Мәми өзбек әріптесіне қылмыстық процесс бойынша жүргізіліп жатқан реформаның барысын айтып өтті. Атап айтқанда, сотқа дейінгі іс жүргізуде адвокаттар мен тергеу судьяларының құзыретін кеңейту көзделуде, қылмыстық теріс қылықтар бойынша бұйрықтық іс жүргізу енгізілуде. Бұған қоса, соттың құпия тергеу әрекеттерін санкциялау бойынша соттың құзыретін заңнамалық бекіту арқылы сот бақылауының саласы кеңеюде. Қазақстан Жоғарғы Сотының жанынан Ахуалдық орталықтың ашылғаны айтылды. Орталық соттар жұмысын 700-ден астам көрсеткіш бойынша тәулік бойы бақылайды, сондай-ақ елдегі барлық сот процестеріне қашықтықтан мониторинг жүргізеді.

Әңгіме барысында тараптар талқыланатын мәселелердің кең ауқымды салалары бойынша қызу пікіру алмасты.  Ынтымақтастықты одан әрі күшейту және ақпарат алмасу қажеттілігі айтылды. Қ.Мәми қазақстандық соттар өз тәжірибесімен бөлісуге әзір екендігін айта келе, Көзімжан Камиловты Астанаға шақырды.

Кездесу қорытындысы бойынша екі елдің жоғары сот органдары арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Құжатта адамның құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, сот билігінің тәуелсіздігін нығайту, сот төрелігін тиімді жүзеге асыру, әділ сот процесіне, сотқа қолжетімділік құқығы мәселелеріне баса назар аударылған. Бұған қоса, сот процесінің түрлі сатыларында қорғау құқығын қамтамасыз ету, соттар қызметінің құқықтық мәселелері бойынша ағарту саласында ынтымақтастықты арттыру көзделіп отыр.  Қазақстан Республикасының «Бес институционалдық реформаны іске асырудың 100 нақты қадамы» Ұлт жоспары мен тараптар үшін өзара қызығушылық туғызатын Өзбекстан Республикасын дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бес басым бағыты бойынша іс-қимыл стратегиясында көзделген іс-шараларды жүзеге асыруға айрықша назар аударылатын болады.

Қ.Мәми қол қою рәсімінде Меморандум екі елдің сот органдарының бірлескен жұмысын жақсартуға, сондай-ақ сот төрелігін жетілдіру бойынша бірлескен бастамаларды іске асыруға ықпал ететіндігін атап өтті.

http://sud.gov.kz/kaz/news/kazakstan-men-ozbekstannyn-zhogary-sot-organdary-yntymaktastyk-turaly-memorandumga-kol-koydy

0
0
436

Осы тақырып бойынша

Қазақстан мен Өзбекстанның жоғары сот органдары Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды - Yvision.kz