Қазақстан мен Ресейдің Қорғаныс министрлері ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады
Бүгін Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлері кездесті. Әділбек Жақсыбеков пен Сергей Шойгу өткен жылдың қорытындысын шығарып, ынтымақтастықтың таяудағы перспективаларын талқылады.
Бүгін Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлері кездесті. Әділбек Жақсыбеков пен Сергей Шойгу өткен жылдың қорытындысын шығарып, ынтымақтастықтың таяудағы перспективаларын талқылады.
Әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықтың қарқынды дамуын атап өткен тараптар қорғаныс саласындағы ауқымды мәселелер туралы пікір алмасты.
– Бүгінгі күні Қазақстан мен Ресейдің қорғаныс саласындағы қарым-қатынасында толықтай өзара түсіністікке қол жеткізілді және оң динамика жоспарланды. Біз екі елдің қорғаныс саласындағы өзара іс-қимылдарын бұдан да сапалы деңгейге шығаруға мүдделіміз, – деп атап өтті.
Әділбек Жақсыбеков пен Сергей Шойгу әуе шабуылына қарсы бірыңғай қорғаныс жүйесі бойынша істің жай-күйі мен құжатты ратификациялаудан кейінгі бірлескен іс-қимылдарды талқылады. Сондай-ақ, әскери-техникалық ынтымақтастық, Қазақстанның сынақ полигондарын Ресейдің жалға алуы мен пайдалану тәртібіне қатысты мәселелері қаралды.
Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы ағымдағы жылғы 18-22 тамыз аралығында Қарағанды облысындағы «Спасск» оқу орталығында ҰҚШҰ шеңберінде Жедел ден қою күштерінің қатысуымен «Өзара іс-қимыл-2014» бірлескен оқу-жаттығуын өткізуді ұсынды.
Сонымен қатар, Қазақстан мен Ресей Қорғаныс министрлері әскери білім саласындағы өзара іс-қимылды да талқылады. Ресей Федерациясы жыл сайын қазақстандық офицерлер мен курсанттарға өз әскери оқу орындарында оқу мүмкіндігін ұсыныа отырып, Қазақстан әскерінің кәсібилендіру ісіне елеулі үлес қосып келеді. ҚР Қорғаныс министрлігі Ресей Қорғаныс министрлігінің ғылым кандидаттары мен докторларының ҚР ҚМ Ұлттық қорғаныс университетінің оқу процесіне қатысуына мүдделі болып отыр.
Әділбек Жақсыбеков пен Сергей Шойгу кездесу қорытындысы бойынша екі елдің қорғаныс саласындағы қарым-қатынасының оң динамикасын атап өтті. Сонымен бірге бүгінгі келіссөздер Қазақстан мен Ресейдің қорғаныс саласындағы ынтымақтастығына жаңаша қарқын беретініне сенім білдірді.
ҚР ҚМ Баспасөз қызметі
