Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы орман шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы
2014 жылдың 19 маусымында Астанада Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хенің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров пен Оңтүстік Кореяның орман шаруашылығы қызметі министрі Шин Вон Соп екі ведомство арасындағы орман шаруашылығы және Қазақстанның ормандарын қалпына келтіру салаларындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Меморандумның мақсаты – тараптардың орман шаруашылығы және Қазақстан Республикасының ормандарын қалпына келтіру салаларындағы екіжақты ынтымақтастығы аясын кеңейту және нығайту.
Меморандум аясында тараптардың бірлесіп, орман шаруашылығы мен ормандарды қалпына келтіру салаларындағы ынтымақтастығы аясындағы іс-шаралар жоспарын әзірлеуі, орман шаруашылығы, ормандарды қалпына келтіру және олардың биоалуантүрлілігін сақтау және оларды ұтымды пайдалану салаларындағы тәжірибе алмасуы, ғылыми-зерттеу ынтымақтастығы мен орман шаруашылығы әлеуетін дамытуы, мамандармен алмасуы, семинарларды, курстарды, бағдарламаларды және т.б. шараларды жүзеге асырулары көзделген.
Нұрлан Қаппаров пен Шин Вон Соптың ҚР ҚОСРМ-де өткізген кездесуі барысында орман шаруашылығы мен ормандарды қалпына келтіру, олардың биоалуантүрлілігін сақтау және үнемді пайдалану салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Тараптар Қазақстанда ормандарды сақтау және ел аумағының ормандылығын жоғарылату жөніндегі бірқатар жобаларды, атап айтқанда – Арал теңізінің құрғап қалған түбінде фитоорманмелиорациялық жұмыстар мен Астана қаласының «жасыл аймағы» аумағында орман кешенін құруды бірлесіп жалғастыру перспективалары қарастырылды. Сонымен қатар белгіленген жобаларды іске асыру үшін халықаралық даму институттарымен ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды
Меморандум аясындағы жобаларды бірлесе отырып іске асыру мен басқару үшін арнайы жұмыс тобы құрылады.
ҚР ҚОСРМ баспасөз қызметі
