Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қазақстан мен Испания әскери-техникалық салада ынтымақтастықты жандандыра түсуде

Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы және Испания Корольдігінің Қорғаныс министрлері Әділбек Жақсыбеков пен Қазақстан Республикасына алғашқы ресми сапарымен келген Педро Моренес Элуате арасында келіссөздер болып өтті. Келіссөздер барысында екіжақты әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.

Тараптар сонымен бірге жаһандық және өңірлік қауіпсіздік проблемаларының кең ауқымы бойынша пікір алмасты. Бұдан басқа Қазақстанның басқа елдермен және ұйымдармен, соның ішінде Солтүстік Атлантика Альянсымен (НАТО-мен) ықпалдаса отырып бітімгершілік операцияларға белсенді түрде қатысу мәселелері қозғалды.

Қорғаныс өнеркәсібі саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуды талқылау келіссөздердің басты бағыттарының бірі болды.

- Қазақстан Испания Корольдігімен қарым-қатынасты дамытуға үлкен мән береді. Біздің елдеріміздің арасында белсенді саяси диалог ұдайы орын алып, экономикалық ынтымақтастық дамып келеді, испандық кәсіпорындар Қазақстан аумағында бірлескен, соның ішінде әскери-техникалық саладағы жобаларды табысты іске асырып келеді, - деп Әділбек Жақсыбеков атап өтті.

Бүгінгі таңда Қазақстан мен Испанияның осы салада өзара іс-қимыл жасау тәжірибесі бар екенін естеріңізге саламыз. Ағымдағы жылдың қаңтар айында Қазақстан армиясының авиациялық техника паркі «Airbus Military» компаниясы шығаратын алғашқы С-295М әскери-көліктік ұшақтарымен толықты.

Бұдан өзге «Indra Sistemas, S.A.» компаниясымен бірлесіп Алматы қаласында радиолокациялық стансаларды, радиоэлекторондық күрес, радиоэлекторондық барлау құралдарын, және басқа да әскери мақсаттағы электрондық жабдықтарды жасап шығаруға, түпкілікті жинауға, жөндеуге және қызмет көрсетуге бағдарланған «Индра Қазақстан инжиниринг» бірлескен кәсіпорны құрылды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар Әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы ведомствоаралық меморандумға қол қойды, сондай-ақ екі ел қорғаныс-өнеркәсіптік кәсіпорындары ынтымақтастығын әрі қарай дамыту бағыттарын белгілеп, жаңа бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері, сондай-ақ 2014 жылы Астанада өтетін «KADEX» қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік кезекті көрмесіне испандық компаниялардың қатысуын талқылады.

ҚР ҚМ Баспасөз қызметі

0
0
284

Осы тақырып бойынша