Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында бірқатар петропавлдық полицей алғыс хаттар алды

Қазақстан – бұл адамдары бірін-бірі сыйлап, бір шаңырақ астында тұрақтылық пен татулықта өмір сүріп жатқан қаймағы бұзылмаған ел. Еліміздегі 130 астам ұлт өкілдері сүттей ұйып, бейбіт-аспан астында тату-тәтті ғұмыр кешуде.

Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Петропавл қаласының Ішкі істер басқармасында салтанатты іс-шара өтті. Іс-шараға қалалық ішкі істер басқармасының басшылығы мен жеке құрамы, ардагерлер кеңесі, басқарма жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшелері және облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері қатысты.
Салтанатты іс-шараны қалалық ведомство бастығы полиция полковнигі Анатолий Мурзыканов ашты. 

«Қазақстан ұлттар мен ұлыстар мекендеген достық пен туысқандықтың, ынтымақ пен ырыстың ордасына айналды. Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 25 жыл толғалы отыр. Бұл – қажырлы еңбектің, төзімділік пен жеңістің 25 жылы. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең маңызды байлығымыз. Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету – барша қазақстандықтардың борышы», - деп атап кетті полиция полковнигі Анатолий Мурзыканов құттықтау сөзінде.

Петропавл қаласы Ішкі істер басқармасында да бірнеше ұлттың өкілдері қызмет атқарады. Қазақ, орыс, татар, украин, неміс, әзірбайжан, өзбек қырғыз және грек жігіттері мен арулары бір-біріне қолдау болып, тату ұжымда жұмыс істеп жүр. Олардың арасында махаббатары жарасып, отау құрған қызметкерлер де бар. 

Солардың бірі полиция майоры Иван Терзиди. «Өзім грекпін, жұбайым орыс ұлтының азаматы. Бір-бірімізді сүйіп, шаңырақ көтердік. Таныстарымыздың көбісі бізге қызыға қарайды. Бір-бірімізді түсінісіп, бағалай білгенде ғана берекелі де тату отбасы боламыз», - дейді Иван.
Сондай-ақ, мерекеде ІІБ жанындағы қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары, облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Күлімкөз Смайылова полицейлерді мейраммен құттықтап, еліміздің қауіпсіздігі мен тыныштығын, бейбіт өмірін сақтауды басты мақсат етіп жүрген бірқатар қызметкерге алғыс хаттар табыстады. 

Полиция лейтенанты Асхат Әміренов те алғыс хат алғандардың бірі. Ол Жедел басқару орталығының инспекторы болып қызмет атқарады. 4 ұл, 1 қыз бала тәрбиелеп отырған ұлағатты әке.
«Бүгін Қазақстан халқының бірлігі күні Ассамблея хатшылығының атынан алғыс хат алғаныма қуаныштымын. Бұл күн - әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, адамзаттық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесі. Баршаңызды мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Әр отбасына береке-бірлік, бақыт-байлық тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», - деп құттықтады Асхат.

Іс-шара соңында жас бүлдіршіндерден құралған «Бимаржан» тобының бишілері көрермендерді бір марқайтып тастады. Кейін қаламыздың басқа да өнер ұжымдары ән мен жырдан шашу шашты. 

Нұрбек Баекин,
СҚО ІІД баспасөз қызметі
http://mvd.gov.kz/portal/page/portal/sko/MAIN

0
0
580

Осы тақырып бойынша

Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында бірқатар петропавлдық полицей алғыс хаттар алды - Yvision.kz