Қазақстан «Еуразиялық ватерполшылар лигасын» құру туралы бастама көтерді
ТМД елдері арасындағы Дене шынықтыру және спорт жөніндегі кеңестің кезекті отырысында Қазақстан тарапы ТМД елдері ватерполшылар лигасын құруды ұсынды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Бұл бастама ойдағыдай іске асса, онда «Еуразиялық ватерполшылар лигасы» құрылуы мүмкін.
«Бүгін Астанада ТМД елдері арасындағы дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастық мәселесі талқыланып жатыр. Күн тәртібінде Қазақстан ТМД елдері ватерполшыларының лигасын құруды ұсынып отыр. Елбасы су полосы саласындағы спортшыларымыздың әлемдік жарыстарда оза шабуын қамтамасыз етуімізді тапсырған болатын. Сондықтан да осындай идея туындап отыр. Су полосы Олимпада ойындарындағы спорт түрлерінің бірі және ТМД елдерінің көбінде дамып келе жатқан спорт түрі. Егер ТМД елдері ватерполшыларының лигасын құрып алсақ, онда Еуразиялық ватерполшылар лигасын құруға болады. Бұл бастама да біздің тарапымыздан ұсынылып отыр», — дейді ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов.
Ал жалпы, су полосымен шұғылданатын спортшыларымыздың әлеуеті жайлы сұрағанда Е.Қанағатов: «Су полосында командалар ойнайды ғой. Бізде су полосынан қыздар мен ерлер арасындағы құрама командалар бар. Олар Олимпиада ойындарына қатысты. Таяуда Алматы қаласында дүниежүжізілік ватерполшылардың жиыны өтті. Жалпы, кез келген ойында бәсекелесіп ойнамаса болмайды. Жоғарыдағы лиганы құрудағы мақсатымыз да сол. Мысалы, Ресей, Беларусь елдерінің спортшылары жақсы ойнайды. Біздің командалар солармен бәсекелессе нәтиже шығады», — деп жауап берді.

