«Қазақстан барысын» теледидар арқылы 126 ел тамашалады
Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында, Астана күні қарсаңында өткізілген «Қазақстан Барысы» V республикалық турнирінің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек дәл осы спорттық турнирдің арқасында халық арасында қазақстан күресіне деген қызығушылығын артқанын атап өтті.

Оның айтуынша, «5 жыл ішінде қазақ күресімен шұғылданатын спортшылар қатары екі есеге өсіп, қазіргі күні 120 мың адамға жетті».
Сондай-ақ Б.Байбек бұл дода әлемге танымал спорттық шараға айналғанын айтты. Оның дәлелі ретінде Төраға орынбасары «Қазақстан барысын» теледидар арқылы қазақстандық көрермендермен қатар әлемнің 126 елі тамашалап отырғанын жеткізді.
Айта кетейік, биыл қатарынан бесінші рет ұйымдастырылған «Қазақстан Барысы» турниріне еліміздің әр аймағынан іріктелген 32 балуан мен былтырғы жылғы жарыстың жеңімпазы Мұхит Тұрсынов жолдама алған болатын. Іріктеу жарысы наурыз айынан бастап, мамыр айына дейін үш кезең (ауыл, аудан, облыс) бойынша жүргізілді.
Ақтық жекпе-жек қорытындысы бойынша Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың сыйлығын және «Қазақстан Барысы» деген атақты 2012 жылғы жеңімпаз Бейбіт Ыстыбаев осымен екінші рет иеленген.
