Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

«Қазақстан Барысы» барша қазақтың рухын көтерді

 

Төл спортымыз қазақ күресінен өткен «Қазақстан Барысы» турнирінде биыл семейлік балуан Айбек Нұғымаров жеңіске жетті. Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған дүбірлі доданың ақтық белдесуінде «Шығыс барысы» деген лақап аты бар Айбек қарағандылық Ержан Шынкеевтіңжауырынын жер иіскетті.

Финалдық доданың ашылу салтанатында-ақ «Қазақстан Барысы» жобасының жыл өткен сайын қарқынды түрде дамып жатқанын байқадық. Астанадағы алып спорт сарайларының бірі «Сарыарқада» ине шаншар орынның болмағаны соның айғағы шығар. Өзіміздің арда тұтар азаматтарымызды айтпағанда, шетелден келген құрметті қонақтар да көп болды. Көршілес елдердің біразына тікелей эфир арқылы таралған белдесулерді 60-70 миллион көрерменге дейін тамашалауға мүмкіндік туды. Белдесулерді айтсаңызшы, балуандар бозкілемге шығып,қарсыласын лақтырған сайын, зал толы көрермендердің де делебесіқозып, қиқуға басып отырды. Әйтеуір, не керек, атпал азамат Арман Шораев бас болып жүзеге асқан бастама айналдырған үш жылдың ішіндеқазақтың ең сүйікті жобаларының біріне айналды. Бұл түсінікті де шығар, күрес өнері қазақтың қанына сіңген қасиет екеніне ешкім де дауласпас.

Сонымен, бозкілемге 32 балуан шықты. Бәрі де өз аймақтарында үздік шыққан сайдың тасындай іріктелген мықтылар. Бұрын белдескендері бар, соңғы кездері бірге жаттыққандары бар, әйтеуір бір-бірініңартықшылықтары мен кемшіліктерін жақсы біліп алған. Баптары мен бақтарының қатар шабатынына үміттеніп отырған 32 дүлдүл. Әр жанкүйердің өз фавориті болғанымен бәрі де бас жүлдеден дәмеленіп келген жігіттер. Ешкімнің де жеңісті қолдан бере салмасы алғашқы айқастардан-ақ белгілі болды.

«Қазақстан Барысының» шымылдығын ашқан «Шығыс барысы» Айбек Нұғымаров керекулік балуан Дархан Жоламановпен болған белдесуде көп созған жоқ, қарсыласын аса қиындықсыз жеңді. Келесі белдесуде атыраулық Сұңғат Закариев астаналық Асхат Уәлиевтен айласын асырды. Сөйтіп, бірінші айналымнан кейін жүлде жолында үздік 16 балуан қалып, тағы да айқасқа түсті. Ақыры жартылай финалға «Тараз арланы» Бейбіт Ыстыбай, Қарағаныдың «Көк бөрісі» Ержан Шынкеев, Оңтүстік Қазақстан облысының «Жақсығұлы» Жұманазар Ерсұлтанов және «Шығыс барысы» Айбек Нұғымаров жолдама алды.

Иә, бәрі де керемет, тек осы жерде ғана аздап түсініспеушіліктер орын алды. Айбек жартылай финалдағы қарсыласы Жұманазарды жеңіп, финалға шыққан. Ал «Қазақстан Барысының» былтырғы жеңімпазы Бейбіт пен қарағандылық Ержанның белдесуі ұзаққа созылды. Екі мықты бір-бірін ала алмай, соңына дейін арпалысты. Дегенмен, шыны керек, белдесуді «көксандықтың» тамашалап отырған біз үшін Ыстыбаев бар күшін ақтық айқасқа сақтап отырғандай көрінді. Сол-ақ екен, жекпе-жектің аяқталуына небәрі он секунд қалғанда Шынкеев күтпеген жерденәдіс қолданып, тараздық «арланды» алып ұрды. Жоқ, ұпай берілмеді. Дұрыс әдіс қолданған жоқ деп есептеген төрешілер Ержанның бұл әдісін есептемей тастады. Нәтижесінде, жекпе-жек тең аяқталып, ереже бойынша қос балуан жеңімпазды белбеу күресінде анықтауы тиіс болды. Бұл жерде Ержаннан басым түсу Бейбітке аса қиындық туғызған жоқ. Салмағының арқасында қарсыласынан басым түсті. Төреші Ыстыбаевтыңқолын көтерді. Барлық дау осы жерде басталды. Қазылардың шешіміне наразы болған Шынкеев қайта арызданып, ақыры төрешілер бұл жекпе-жектің жеңімпазы ретінде Қарағандының «Көк бөрісін» таныды.

Енді Бейбіт өкпелі. Төрешілердің шешімді өзгерткеніне наразы болып,үшінші орынға таласудан бас тартты. Ал финалда Айбек Нұғымаровқарағандылық балуаннан басым түсіп, 2013 жылғы «Қазақстан барысының» жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, 150 мың АҚШ доллары, «Алтын белбеу», «Тайтұяқ» және су жаңа автокөліктің кілтін иемденді. Күміспен күптелген Шынкеевке 30 мың доллар бұйырса, Ерсұлтанов 10 мың АҚШ долларымен марапатталды.

Міне, халықтың қошеметіне бөленген «Қазақстан барысы» жобасыныңкезекті додасы да мәресіне жетті. Дүркіреп өткен ұлан асыр додада баршақазақтың рухы бір көтеріліп қалғандай. Балуандар да, көрермендер де көңіл сергітіп, жасап қалды.

 

Айбек Нұғымаров, «Қазақстан барысы» додасының биылғы жеңімпазы:

—    «Қазақстан Барысына» биыл үшінші рет қатысып отырмын. Бұған дейін жарақаттарым кедергісін тигізіп, жолым болмай қойған. Биыл дайындығым жақсы болды. Бап пен бақ қатар шапса, алынбайтын қамал жоқ екен. Алланың бұйрығымен жеңімпаз атанып отырмын. Дегенмен, бірде-бір белдесуім оңай болған жоқ. Бәрі де «сен тұр, мен атайын» деген қарымды балуандар.


 
0
0
640

Осы тақырып бойынша

«Қазақстан Барысы» барша қазақтың рухын көтерді - Yvision.kz