Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

«Қазақстан Барысы-2015» финалының билеттері сатылымға түсті

Шілденің 4 күні қазақ күресінен Ұлт Көшбасшысы — Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін «Қазақстан Барысы» турнирінің финалдық белдесулері өтеді. Жалпыұлттық жоба аясындағы осы дәстүрлі турнирдің билеттері сатылымға түсті.

Бұл туралы «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының баспасөз қызметі хабарлады.

Төл күресімізден осымен бесінші рет ұйымдастырылатын ақтық сынға жыл сайын 8 миллионға жуық жанкүйер қызығушылық танытып отыр. Әрі бұл тың бастама Астана күніне орай ұйымдастырылатын түрлі мерекелік мәдени-спорттық шаралардың шиеленісті ұйытқысы болады.

Турнирдің ережесіне сай әр облыстың, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларының атынан екі балуан қатысады. Финалдық жарысқа дейін үш кезеңдік іріктеу сындары өтті (ауыл, аудан, облыс). Ақтық сынға шыққандардың ішінде есімі елге таныс бірнеше балуандар бар: Бейбіт Ыстыбаев («Қазақстан Барысы» 2012), Айбек Нұғымаров («Қазақстан Барысы» 2013), Мұхит Тұрсынов («Қазақстан Барысы» 2014), Нұрлан Жамалов, Бақтыбай Қисықов, Александр Касачев, Ержан Шынкеев, Асыл Барменов, Руслан Абдыразақов, Максим Гербер, Мейрамбек Жаңабай, Жұманазар Ерсұлтанов, Рүстем Жұмаев, Бақыт Ысмағұлов, Ғани Сейділдаев. Ал, бұл атақты балуандармен бірге «Қазақстан Барысы» турнирінің финалдық сынына тұңғыш рет шыққан жаңа есімдер бар.

Билеттердің құны: 1000, 3000, 5000 теңге. Сондай-ақ, сатылған билеттер арқылы жүлде ойнатылады. Бас жүлде — автокөлік!

Билеттер Астана қаласындағы кассаларда және «Меломан» дүкендер желісінде сатылады.

АСТАНА. ҚазАқпарат - Күнсұлтан Отарбай

 
0
1
358

Осы тақырып бойынша

«Қазақстан Барысы-2015» финалының билеттері сатылымға түсті - Yvision.kz