Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қазақстан Қарулы Күштері «Қазбригтің» дайындығына арналған оқу орталығын қабылдады

«Қазбриг» бітімгерлік бригадасының «Іле» полигонында әскери қызметшілердің бітімгерлік операциялардағы іс-қимылына жаттығатын оқу қалашағының құрылысы аяқталды. Қалашық құрылысы Қазақстан мен АҚШ Қорғаныс министрлігі арасындағы бес жылдық ынтымақтастық жоспары шеңберіндегі «Бітімгерлік операциялары жөніндегі ғаламдық бастама» бағдарламасы бойынша жүргізілді.

Бүгін «Іле» полигонында оқу қалашығының ресми ашылуы болып өтті.

Іс-шараға қатысу үшін «Қазбригтің» оқу орталығына Қазақстан Қарулы Күштері Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы полковник Талғат Исмаилов және Қазақстан Республикасындағы АҚШ Елшісі Кеннет Фэйрфакс келді.

Полигонда бой көтерген оқу қалашығы қалалық кварталды имитациялау мақсатындағы үйлерден, көшелер мен қиылыстардан тұрады. Қалашық құрылысын АҚШ Қарулы Күштерінің «See Bees» («Теңіз аралары») әскери инженерлік бөлімшесінің командасы жүргізді.

Оқу қалашығы қалалық жердегі әскери операциялар нысаны болып табылады және қалалық жағдайда ұрыс жүргізу қимылдарын пысықтауға арналған. Қалашық металды контейнерлерден тұрғызылған 17 ғимараттан тұрады. Үйлердің жаттығу кезінде әскери қызметшілер кіріп-шығатын есік-терезелері және қалқалары бар.
Сондай-ақ, қазақстандық бітімгерлер бөлімшесінің оқу қалашығында патруль жасауға, ғимаратты шабуылдауға, кепілге алынғандарды босатуға және бітімгерлік операциялары шеңберіндегі басқа да іс-қимылдарды жүргізуге мүмкіндігі бар.

Бүгінгі іс-шараға қатысушылар ағымдағы жылғы 10 тамызда «Іле» полигонында басталатын «Дала қыраны» халықаралық бітімгерлік оқу-жаттығулары қарсаңында оқу қалашығының пайдаланылуға берілуін ерекше атап өтті.

Биыл жаттығуға Қазақстан, Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Швейцария, Италия, Тәжікстан, Қырғызстан бастаған оннан астам мемлекеттің әскери бөлімшелері қатысады. Бітімгерлер үшін жаңа оқу қалашығының базасында іс-қимылды пысықтау қалалық жағдайда тапсырмаларды орындауда үлкен кешенді тәжірибе болары анық.

Оқу қалашығын тапсыру салтанатынан соң «Қазбригтің» бітімгерлік бөлімшесі жергілікті жерді тазарту шабуылдау элементтері қамтыған сынақ сабақтарын өткізді. Әскери қызметшілердің айтуынша, имитацияланған ғимараттарда дайындалу қалалық жағдайда әскери операциялар жүргізуге шынайы мүмкіндік береді.

 

ҚР ҚМ Баспасөз қызметі

0
0
300

Осы тақырып бойынша

Қазақстан Қарулы Күштері «Қазбригтің» дайындығына арналған оқу орталығын қабылдады - Yvision.kz