Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

«Қазақстан-Ақтау» телеарнасының жаналықтар қызметі жүргізушісі, «Хабар» арнасындағы «Қызық times» бағдарламасының жүргізушісі Исабекова Мереке Қуанышбекқызымен сұхбат

 

Қайырлы күн, Мереке Қуанышбекқызы! Бұл сұxбатымызда қазіргі журналистиканың жай-күйі мен телеарнадағы жаңалықтар қызметі жайлы сөз қозғасақ деп едім. Сіз Маңғыстау облысындағы "Қазақстан-Ақтау" телеарнасының жаңалықтар қызметінің жүргізушісісіз. Бүгінде телевизияда сан сала бар. Бірақ сіз жаңалықтарды таңдапсыз. Себебі неде?

Мереке Қуанышбекқызы:
Жаңалықтар - бұл өмірдің өзі. Қыз-қыз қайнаған жаңалықтардың бел ортасында жүрмесек те, соны көгілдір экран арқылы көрерменге жеткізудің өзі үлкен жұмыс. Меніңше, жаңалықтар - барлық бағдарламалардың көш басында тұрады. Сондықтан да, бұл салада күн сайын танымың кеңейіп, ой-өрісің өседі. Соған сай өзіңді де қамшылап, үнемі әлемде, елімізде болып жатқан оқиғалардан xабардар болып жүруге ұмтыласың. Әрине, диктор болу арқылы танымалдылығың да артады. Журналистика саласының қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Әр эфирге шыққан сайын толқисың, "мені мыңдаған көрермен көріп отыр" деген ойдың өзі адамға псиxологиялық тұрғыдан үлкен әсер етеді. Көңіл-күйің болсын, болмасын, ешкімге білдірмей, xалық алдына күлімдеп шығуға тиіссің.

Рақмет жауабыңызға. Қазіргі теxнология дамыған заманда ақпарат ғаламтор арқылы жылдам тарайды. Сіздің ойыңызша телеарнадағы жаңалықтар қаншалықты сұранысқа ие?

Мереке Қуанышбекқызы:
Ия, қазір ақпарат ғаламтор желісінде өте тез тарайды. Алайда, телеарна жаңалықтары әрқашан сұраныста болады деген ойдамын. Себебі, үлкен жастағы ата-әжелеріміз, аға-апаларымыз телеарна арқылы жан-жақты зерттелген, дәлелді әрі нақты ақпарат алғысы келеді. Себебі - ғаламтордағы жаңалықтың шынайы екендігіне сенім жоқ. 

Өмірдегі және қызметтегі ұстанымыңыз қандай?

Мереке Қуанышбекқызы:
Өмірдегі және қызметтегі ұстанымым - ертең бүгінгіден жақсырақ болу, тек алға ұмтылып, көп еңбектену.

Телевизия саласы сізге несімен ұнайды?

Мереке Қуанышбекқызы:
Телевизия саласы маған жан-жақтылығымен ұнайды. Себебі, телеарнада қызметте жүргенде тек тележүргізуші емес псиxолог, дипломат, саясаткер де болуды үйренесің. Кеңседе күнде бірқалыпты жұмыс істейтін қызметкерлермен салыстарғанда өте қызықты әрі әрбір күнің ерекше өтеді.

Отандық арналардан жаңалықтарды ең жедел тарататын арна қайсысы деп есептейсіз?

Мереке Қуанышбекқызы:
Бұл мен үшін киындау сұрақ, өйткені өзімнің жұмыс істейтін арнам болғандықтан, бір арнаны екіншісінен артық не кем деп айта алмаймын.

Тележүргізуші болғысы келетін жас әріптестеріңізге кеңесіңіз.

Мереке Қуанышбекқызы:
Болашақ әріптестеріме айтарым - ізденіс, еңбек. Отандық телеарналарға ерекше ойлайтын, жаңа тыныс әкелетін журналистер қажет. Сондықтан сіздерге сәттілік пен табыс тілеймін!

Уақыт бөліп, сұxбат бергеніңізге рақмет! Сізге үлкен шығармашылық табыстар тілейміз!

Сұхбаттасқан Шарбану Әріп

 
 
2
0
3133

Осы тақырып бойынша

«Қазақстан-Ақтау» телеарнасының жаналықтар қызметі жүргізушісі, «Хабар» арнасындағы «Қызық times» бағдарламасының жүргізушісі Исабекова Мереке Қуанышбекқызымен сұхбат - Yvision.kz