Қазақстан аталмыш рейтингте 4 сатыға жоғарылап, 144 мемлекеттің ішінде 46-орынға табан тіреді. Айта кетерлігі, қазақ елі ТМД елдерінің қатарында үздік көрсеткішке ие болып отыр.
Өткен жылы 110 мемлекеттің қатарында 50-орынды місе тұтқан едік. Ал биыл өркендеу һәм гүлдену рейтингiсінде ТМД елдерін басып озып, алдыңғы қатардан көріндік. Зерттеу институтының ақпаратына жүгінсек, Ресей 7 сатыға төмендеп, 66-орынды місе тұтса, Украина - 71, Белоруссия - 54, Өзбекстан - 64, Моңғолия - 59 және Қырғызстан - 88 орынға жайғасты. Ал Норвегия, Дания, Швеция мемлекеттері үздік үштікке енсе, Австралия, Жаңа Зеландия, Канада, Финляндия, Нидерландия, Швейцария, Ирландия да рейтингте үздік деп танылған мемлекеттердің қатарында.
Сонымен қатар Legatum британдық тәуелсіз зерттеу орталығының өркендеу рейтингісі 8 дәреже бойынша мемлекеттердің жеткен жетістіктерін саралайды. Мәселен, Қазақстан «экономика қуаттылығы» жағынан 54-орынға табан тіресе, «іскерлік әл-ауқат» дәрежесінде 59-орында. Сондай-ақ «білім беру жүйесі» бойынша 43-орын, «денсаулық сақтау деңгейі» дәрежесінде 60-орын, «қауіпсіздік һәм заңның үстемдігі» бойынша 53-орын, «адам бостандығы» дәрежесінде 43-орын, «әлеуметтік капитал» жағынан 37-орын Қазақстанға бұйырды.
Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ