Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

"Қазақша сөйлемеші"

Карантин басталып, үйге келгелі, қазақша сөйлеуді ұмыта бастағанымды ұқтым. Бұрындары достарым осылай айтқанда, мойындағым келмейтін, бірақ шындыққа тура қарау қажет екен. Тілім бұралып, екі сөздің басын қоса алмай, сөйлемдегі бес сөздің үшеуін орысша айтатын жағдайға жетіппін.

Менің де шала қазаққа айналғаным ба? Солай болса, қашан, қалай жəне неге?

Бұрын қазақша дұрыс сөйлей алмайтындарға көзімді алартатынмын, ал қазір өзім де солардың қатарындамын. Менің сұрақтарымды енді өзіме қоятын болды. Тығырыққа өзім тірелгендеймін. Тек қазір ғана қазақша сөйлеуге қиналатындардың қандай сезімде болатынын түсінудемін. Біраз сараптама мен бақылаулардан кейін келесі қорытындыға келдім.

Қазақша жеткілікті деңгейде сөйлей алмайтыныңа ұяласың. Бұл сезім кейін кінəлауға ұласады. Кінəні өзіңнен іздейсің, одан қалса неге мен орысша сөйлейтін ортада өстім дейсің, кейбіреулер, тіпті, ата-аналарын орыс тілді балабақшаға бергені үшін жазғыруға дейін барады. Үлкендердің "ауылға бар", "əдеби кітап оқы" дегеніне тойған біздер үлкен қысымды сеземіз.

Өзгелер қазақшаң дұрыс емес деген сайын, өзіңнің біліміңе деген сенімсіздік пайда болады. Сөйлегің келмейді. "Осылардан сөз естігенше, сөйлемей-ақ қояыншы" дейсің. Басқаша айтқанда, комплекстармен өмір сүре бастайсың.

Қазақ прозасы мен поэзиямының мағынасын түсінбегенде өзіңді іштей жеп қоя жаздайсың. Неге білмеймін? Бұл контексті қалай түсінуге болады? Неге соншама көп тұрақты тіркестер? Ауыспалы мағына не үшін қолдана береді? Қашан мен Əуезовтың ойын ұғамын? Осындай сұрақтар қазақшасы менікі сияқты онша емес адамдарды мазалайды.

Меніңше, жоғарыда қозғалған бұл психологиялық жағдай тілді дамытуға кедергі келтіруде. Қоғам қазақша түсінбейтіндерді, күнделікті өмірде қолданбайтындарды жəне енді үйреніп келе жатқандарды сұрақтың астына алып, "сен де акцент бар", "сен шала қазақсың" деп баса берсе, қазақ тілін үйренуге деген ұмтылыс бірте-бірте жойылады. Сондықтан, егер сіздің айналаңызда қазақша сіз сияқты жақсы сөйлей алмайтын адам болса, оны сұрақ қойып, тығырыққа тіремеңіз.

Ал қазақшасын дамытқысы келетін адамдарға келесі кеңестерді ұсынамын.

Оқыңыз. Бірден Абайға, Ыбырайға жүгірмеңіз, əуелі қазақша аудармаларды, газет-журналдарды оқыңыз. Назарбаев Университет студенттері "Оян Қазақ" жобасын іске қосса, National Geographic Qazaqstan, OYLA журналдары қазақ тіліндегі сәтті жобалар болып саналады. Өзіңізге қызықты əлемді қазақ тілінде ашыңыз.

Қазақшаға аударылған сериалдар мен фильмдерді көрсеңіз болады. Олардың дубляж сапасына жауап бере алмаймын, бірақ субтитрларды қолдануға болады.(Мысалы, 91-дің бейнеклиптері секілді)

Қазақ тілінде күнделік жазып көрсеңіз болады. Әдетте ішкі сезімдерді, басыңнан өткен жағдайларды мазмұндау арқылы жаңа сөздер, тұрақты тіркестер үйренуге болады.

Басқаларды тыңдамаңыз. Сөйлей беріңіз. Жаза беріңіз. Қате болса да сөйлеңіз. Бірде маған ұятқа қалу дамуға жетелейді деген болатын. Сондықтан, қате жіберемін деп қорықпаңыз. Дамуға, жетістікке аш болыңыз. Сіздің қолыңыздан барлығы келеді!

1
0
668

Осы тақырып бойынша

"Қазақша сөйлемеші" - Yvision.kz