Қазақ рулары
Ертеректе қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы айтты деген әңгіме құлағымда еміс-еміс. Ол кісі ғаламат стратег, асқан батыр, кемеңгер ойшыл және білімпаз ғана емес, әскеріндегі жауынгерлерінің көңіл күй ауанын жазбай танитын керемет психолог та көрінеді. Баукең бірде сарбаздарын шабуылға бастап бара жатып, жау тарапынан кескілескен қатты қарсылыққа тап болыпты. Бір қадым алға басу мұң. Қарсы беттен жаңбырша жауып тұрған оқ бас көтертер емес. Солдаттар командирлерінің мұнан да зор қауіп төніп тұрса да, жаңбырша жауған оқтың астынан кірпік қақпай, тікесінен-тік жүре беретінін біледі. Бірақ, әркімнің жаны өзіне ыстық, ешкімнің де Баукеңенің өнегесіне еріп, орнынан атып тұрып, шабуылға тұра жүгірер түрі жоқ.
Сонда Баукең батыр қолсозым жерде оқтан жасқанып, басын көтере алмай жатқан қазақтың бір жігітін көріп қалыпты да, жанына жетіп барып: «Тұр! Жаудан қорыққанша, ата-бабаңның аруағынан қорықпайсың ба? Аруақ атады сені!»,– деп гүр еткенде, әлгі жігіт атып тұрып, «уралап» бірақ жүгіріпті.
Бұл Баукеңнің қазақ үшін аруақтың аса қадірлі екенін, сол сөздің ана жігіттің қорқынышын ұмыттырып, намысын оятатынын жақсы білгендігін аңғартады. Рас, ол оқиғаның нақты қалай өрбігені есімде жоқ, тіпті Батырдың сөздерін нақпа-нақ жеткізбеген шығармын, алайда «аруақ атады!» дегені анық. Бірақ мәселе онда емес. Мәселе, оның алдында ғана жасқаншақтап жатқан қазақ баласының ата-баба аруағын естігенде, аяқ астынан қаһарланып шыға келгені мен таң-тамаша қылды.
Ал, шын мәнінде қазақ ықылым замандардан ата-баба аруағын қастерлеп өтті, бабалар аманаттап кеткен мына ұлан-ғайыр жерді «аруақтап» атқа қонып, жауынан қорғады. Аруақтар қонған қорымды жауға қорлатпады. Арлы ұлға ол өлімнен де өткен қорлық еді. Осы қасиеттің арқасында мына ұлы далада рулық-тайпалық дәстүрді берік ұстанған ұлы көшпелі империялар құрды.
Қазақтың тамыры – бабалар дәстүрі – рулық жүйеде жатыр. Қазақтың кемдік көргені –бабалар дәстүрін ұмыта бастаған бертінгі замандар. Өйткені әр рудың, әр тайпаның қасиет санаған өз бабасы, сыйынған өз аруағы болды. Ру мүддесі оның кез-келген мүшесінің жеке басының мүддесінен артық тұрды. Оны сатуға, онымен ойнауға болмады. Дала өмірінде бұл бұлжымас қағида еді. Рулар мүддесі жинақталып келіп, ортақ қазақтың мүддесін құрады. Міне, осы рулық-тайпалық жүйе қазақ атты шаңыраққа жан-жағынан уық болып шаншылып, құлатпай ұстап тұрды. Өйткені ол заманға «сендер күл болмасаңдар, бүл болыңдар, мен өзі аман қалайын» деген өзімшіл мінез жат еді. Қазіргі қазақты құртып отырған да осы кесел деп білем.
Дүниеге келген әрбір адам ұлттың бөлшегі. Ұлттық дәстүр, ата-бабадан келе жатқан салт-сана, ана уызымен жүрегің мен жадыңа тоқылған өнеге – сенің өмір жолыңды айқындайды. Ұлттың тарихы мен дәстүрінде, мәдениеті мен өнерінде, діні мен тілінде адамды адам ететін адамгершілік қасиеттерінің ең озық үлгілері жинақталған. Ұлт перзенті ретіндегі сенің міндетің – сан ғасырлық тарихы бар осы асыл қазынаны бойыңа сіңіру. Ұлттық адамгершілік, ізгілік сабақтарын игермей, сенің шын мәніндегі адам болуың қиын.
Жөн білетіндер, қазақ 1560-1580 жылдары, Хақназар ханның тұсында «Жүз» бөлінген деген ұғым бар. «Жүзге» бөліну сол кезеңдерде зор әлеуеті бар, жері шалғай қазақ хандығын басқарудың, жаудан қорғаныс ұйымдастырудың тиімді жолы болып қалыптасса керек. Ата қонысы, шаруашылығы, туыстық қарым-қатынастары бір-біріне жақын тайпалар мен рулар жүздік ішіндегі бөліністі құрады.
Үш жүздің баласының ортақ бір ғана ұраны болды: Атамыз – Қазақ, ұраны – «Алаш», керегеміз – ағаш. Енді Үш жүздің ішіндегі негізгі руларды атап кетейік: Ұлы жүзге қаңлы, сары үйсін, жалайыр, албан, суан, дулат, шапырашты, сіргелі, ысты, ошақты, шанышқылы тайпалары енеді. Олар Жетісу жерінде, Талас, Шу, Сырдария, Іле өзендерінің алқаптарында қоныстанған және б.з.д мыңжылдықтарда Үйсіндер құрған қуатты империядан бері бір-бірінен іргесі ажырамаған. Сондықтан да «Ұлы жүз -Үйсіндер» деген ұғым халықтың жадында берік орныққан.
Ал Орта жүзге арғын, найман, керей, уақ, қоңырат, қыпшақ тайпалары енеді. Олар, негізінен, Солтүстік, Орталық және Шығыс Қазақстан, тіпті Оңтүстік Қазақстанның Сырдария өзенінің тұсын мекендеген. Жүздердің ішіндегі жері кең және арғын тайпасы көп болғандықтан, бұл жүз «Орта жүз – арғындар» деп аталып кеткен.
Кіші жүзге байұлы (12 ата), әлімұлы (6 ата), жетіру (7 ата бірлестігі) кіреді. Олар Батыс Қазақстан өңірін, Еділ, Жайық, Торғай, Тобыл, өзендерінің атырабын, Маңғыстауды, Каспий, Арал теңізі жағалауларын, Сырдария өзенінің төменгі ағысын мекендеген. Ел аузында оларды алшыннан тараған деп айтатындықтан, «Кіші жүз – Алшын» деген ұғым қалыптасқан.
Міне, бүгінде Қазақ елі атанған халықтың ынтымақтастығы мен біртұтастығын, қауіпсіздігін сақтап тұрған рулар тарихы сонау есте жоқ ескі замандардан басталған.
Дәулетқали Асауов
