Қазақ Ұлттық университетіне 80 жыл!

Білім – ең ұлы қару. Ұлтты, халықты ұшпаққа шығаратын да дәл осы білім. Бірнеше жылдан бері осы ұлы қаруды қазақ азаматтарына қалай пайдалану керектігін үйретіп келе жатқан әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне биыл 80 жыл толып отыр. Қазақстанның Гарварды аталмыш осы жоғары оқу орнының елімізге жасаған еңбегі орасан зор!..
Еліміздегі көп салалы жоғары оқу орындарының көшбасшысы болып саналатын Ұлттық университетте 180 сала бойынша мамандар даярланады. QS World University Rankings Results 2011 және Top Universities сайтының келтірген деректеріне қарағанда университет 2009 жылы 600 орыннан төмен болған, ал 2010 жылы 501-550 аралығында болса, 2011 жылы 401-450 аралығына дейін көтерілген. 2012 жылы әлемнің ең үздік 400 университеттің қатарына кірсе, былтырғы жылы 300-дікке енген.
Қазақ Ұлттық университеті еліміздегі ең алғаш құрылған оқу орындарының бірі. Өткен ғасырдың 34-ші жылы құрылған оқу орнынан бүгінгі күнге дейін талай ғалымдар, бүкіл республикаға аты шыққан академиктер, қоғам және мәдениет қайраткерлері шығып, еліміз үшін аянбай тер төкті. Бүгінгі күнде Университетте екі мыңнан астам жоғары білікті оқытушы жұмыс істесе, соның ішінде 1000-нан астам ғылым докторы мен кандидаты, 100 академик пен елу философия докторлары. Бұл дегеніміз, еліміздегі ғалымдардың басым бөлігі ҚазҰУ-да жұмыс істейді деген сөз.
Университеттің 80 жылдықты табыспен қарсы алуға деген талпынысы да тамаша. Қазақстанда ең алғаш ашылған бұл оқу орны өз тарихын әлі де ең үздік университет ретіндегі статусын жоғалпай келеді. Қазақ Университетінің статусын айқындап тұрған негізгі себеп – еліміздегі басты ғылыми оқу ордасы болуында. ҚазҰУ – ғылыми инфрақұрылымының негізі. Университетте 24 ғылыми-зерттеу институты мен халықаралық ғылыми орталықтар қызмет атқарады, бұл орталықтар республикадағы ҒЗЖ-тарының 50%-ын жүргізеді.
Университет түлектері қоғамның барлық саласында өз орнын тапқан және де қоғамның лидерлік әрі қоғамның интеллегенциялық имиджін қалыптастырып отыр. ҚазҰУ қара шаңырақ болып құрылғаннан бері келе жатқан әрі алғашқылардың бірі болып ашылған филология факультеті (Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті) де Ұлттық Университеттің дамуына үлкен үлес қосып келеді. Қазақстандық элита қалыптастыруда бұл факультеттің орны ерекше. Университеттің тынысы да терең, болашағы да жарқын.
1937 жылы қыркүйекте төрт жылдық оқу жүйесіне негізделген тұңғыш гуманитарлық шет тілдері факультеті ашылды. Бір жылдан кейін 120 студенті және құрамында орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі және француз тілі тәрізді үш кафедра бар филология факультеті құрылды. Кейіннен шет тілдері факультеті де осы құрылымға қосылып, Ұлттық университетте үлкен бір факультет пайда болды. Бұл филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті еді. Бүгінде бұл факультет қазақ тілінің, қазақ руханияты апаратының механизмі қызметін атқаруда. Қазақ әдебиеті мен қазақ тілінің дамуына өлшеусіз үлесін қосып жатқан майталмандардың дені осы факультеттің түлектері!..



Дайындаған: ҚазҰУ-дың Филология, әдебиеттану
және әлем тілдері факультетінің
оқытушысы, гуманитарлық ғылымдарының магистрі
Шакирова Динара
