Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қазақ күресінің атауы өзгеруі мүмкін

Қазақ күресінің атауы өзгеруі мүмкін. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.

«Зерттеу бойынша қарасақ, Петропавл қаласында 1928 жылға дейінгі құжаттардың ішінде «қазақ күресі» деген атау жоқ екендігін айтқым келеді. «Қазақ күресі» деген атау кезінде «қазақша күрес» болатын. Ал 2000 жылдан бастап құжаттар «қазақ күресі» деп дайындалып келе жатыр. Атап айтқанда, 1928 жылға дейінгі құжаттарда біздің еліміздің ішінде «күрес», «палуандық күрес», «жекпе-жекке шығу», «күш сынасу» деген атаулар кезігеді. Бұны айтып отырған себебім, енді біз әлемдік деңгейге шықтық. Әлемдік деңгейде дзюдо  күрес түрі бар және жекпе-жектердің арасында таэквондо, сондай-ақ басқа да додалар бар. Бұлардың барлығы бір елдің спорт өнері болса да, бірақ сол елдің атымен аталмайды. Мысалы, жапонның дзюдо күресі демейді, қысқа ғана «дзюдо» деп аталады»,-деді қазақтың балуандық өнерін зерттеуші Елемес Әлімханов.

Оның сөзіне қарағанда,  әлемдегі кейбір түсініктер мен танымдар аясында қазақ күресінің ғана дамуына (Олимпиада ойындарына енгізу барысында) кейбір  шетелдік кедергілер бар.

«Бұл атауға байланысты жақсы ойластыру керек деп пайымдаймын. Халқымыз біздің көне балуандық өнердің атын қайтарып алса»,-деп түйді Е. Әлімханов.

Осы орайда ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Тастанбек Есентаев та өз пікірін білдірді. «Әр елдің өзінің күресінің атауы бар. Енді біз Олимпиадалық ойындардың бағдарламасына енгізу бағытында «қазақ күресі» деп кіргізу өте қиын. Себебі, онда өзбектердің және қырғыздардың күресі шығады. Жалпы бұл атауды жайдан-жай өзгерту емес, сонымен қатар тек Олимпиада ойындарына ену үшін өзгертейін деп жатырмыз деген де дұрыс болмайды. Басты себеп — ұлттық күрестің бұрынғы тарихи атауына қайтып келу. Сондықтан біз қазіргі кезде «күрес» деп атайтын болсақ, мен өз басым қолдаймын. Өйткені біздің күрестің дамуына көп жеңілдіктер туады»,- деді вице-министр.

Сөз соңында Т. Есентаев қазақ күресінің атауына байланысты ғылыми түрде баға берілуі керектігін атап өтті.

 
АСТАНА. ҚазАқпарат
 
0
0
288

Осы тақырып бойынша

Қазақ күресінің атауы өзгеруі мүмкін - Yvision.kz