Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қазақи урбанизация туралы

"Бір әулет - бір ауыл" болып отыратын көшпеліліктен шықтық.
Қалыпты тарихи процесс "урбанизация" өз дегенін істеп жатыр.
Мен ауылда туып-өстім. Балаларым қалада туылды.
Қалада туылса да, қазақша оқыған баламен орысша оқыған баланың мінез-құлқында үлкен айырмашылық болатынын аралас мектепте істейтін мен бір кісідей білемін.
Үйдің іргесіндегі мектептің қазақ сыныбында орын жетпей, кіші ұл орыс сыныбына барды.
Қазақша оқыған бала үшін қалыпты жағдай болып саналатын кейбір тұрмыстық жағдайларды орысша оқыған балаға ежіктеп түсіндіруге тура келеді.
Кішірек күнінде бір досымен сөйлесіп отырып "Папаның ауылына барып қайттық"- дегенін естіп, "Папаның ауылы оның да ауылы, ендігі жерде "Папаның ауылы" деген сөзді лексиконынан мүлдем алып тастау керек екенін" түсіндіргенім бар :-)
Кеше ауылдағы бір інішек ұлдарына сүндет той жасап, соған жиналып жатқанмын.
Шәй үстінде орысша оқыған ұл ашық сұрақ қойды.
- Шыныңызды айтыңызшы. Сол туысты сіз жылына бір-екі-ақ рет көресіз. Әмір атам мен Уалихан тәте секілді бірге туған бауырларыңыз туралы әңгіме жоқ. Ал ауылдағы өзге ағайындармен араларыңызда қандай эмоционалдық жақындық бар? 
Ойланып қалдым да жауап бердім.
- Той жасап жатқан жігіттің әкесі менен 3-4 жас үлкендігі бар еді. Төрт атадан қосыламыз. Бала күнімде артынан талай ергенмін. Табаныма кірген шөңгені талай рет сол ағам алып берген. 
Серілігі бар еді. Кейін мен қалаға кеткенде де іздеп келіп, талай рет мені ресторанға апарып қарнымды тойдырып, қолыма тиын-тебен ұстатып кететін. Марқұм жастау кетті. 
Енді сол ағамның ұлымен менің арамда қандай эмоционалдық жақындық бар екенін өзің анықта.
Ауылдағы аталас ағайындар мен бала күнімде бірге өскен достарымның барлығымен арамызда әртүрлі дәрежедегі осындай рухани байланысымыз бар.
Үйіңде 100 досың отырғанда, соларға шәй құйып беретін бір туысың отырмаса, достарыңның сен туралы пікірлері өзгереді.
Өмірде әртүрлі жағдай болады. Жас емессіңдер. Егер шақырған тойға мен бара алмайтын жағдай болса, сендер баруға міндеттісіңдер... 
Түсіндіре алдым ба?
- Иә, түсіндім...
- Олай болса, машинаңды дайында..
Бұндай жағдай ауылда туып, қалада тұрақтап қалған барлық қазақтың басында бар деп ойлаймын.

1
3
1792

Осы тақырып бойынша

Қазақи урбанизация туралы - Yvision.kz