Қазақ халқын қалай ұйыстырамыз?
Қазақстан халқын қалай ұйыстырамыз?
Көне заманнан бері Қазақстан жері талай мемлекеттердің құрамында болды. Түркі- моңғол мемлекеттерінің бірі күйрейді, екіншісі пайда болады. Көптеген билеуші әулеттер бірін-бірі алмастырды. Солардың бірі Ұйғыр қағанаты(742-847жж.). «Ұйғыр» сөзі түркілердің ұйыған мемлекеті дегенді білдіреді. Бүгінгі ұйғыр этнонимі сол заманнан қалған. Шәкәрім Құдайбердіұлының сөзімен «қазақтар сол ұйғыр нәсілінен» шыққан. «Нәсілі» деген сөз тарайды деген мағынаны білдіреді.
Ислам діні Орталық Азияға VIII ғасырда кірді. Жаңа дін өзінің жаңашылдығымен бұрыннан тараған діни сенімдерді: тәңіршілдікті, шаманизмді, манихейлікті, буддизмді, несторияндықты аймақтан ығыстырып шығарды. Алғашқы болып түркі билеушілерінің ішінде ислам дінін қабылдаған, 942 жылы билікке келген, Сатлук Богра хан. Араб тарихшыларының жазбаларына сүйенсек оның мұсылманға кіргеннен кейінгі аты Абд әл- Кәрім. Сатлук Богра хан Қараханидтер мемлекетінің негізін қалаушысы деп саналады (960-998жж). Алтын Орда ханы Шыңғыс жаулап алған жерін төрт баласына үлестіріп береді. Дешті Қыпшақ Шыңғыстың үлкен ұлы Жошыға тиеді. Алтын Орданың Гиас ад-дин Мұхаммед Өзбек ханы (1312-1341жж) қол астындағы халқын мұсылманға айналдырды. Содан бері Алтын Орданың түбі түркі халқы өзбек атаныпты. Өзбек атанған халықтың ішіне қазақтың да бабалары кіреді. 1428 жылы Көк Орданың ханы шайбанид Әбілхайыр болады. Арғын Дайырқожа Әбілхайырдың сүйікті қазысы екен, әділ айытқандықтан Ақжол атаныпты. Қара Қыпшақ Қобланды ханның сүйікті батыры болыпты. Екеуі ішінен жауласып жүргенде, бір күні далада Қобланды батыр Дайырқожаны өлтіріп кетіпті. Арғындардың сұлтандары Керей мен Жәнібек ханнан Қобландыны шариғат бойынша қысас қылып өлтіруді сұрапты. Әбілхайыр хан қыпшақ бұзылатын болған соң, бере алмай «үш кісінің құнын алып, бітім қыл»,– депті. Бұған Керей мен Жәнібек өкпелеп, арғын, найман, керей, қаңлы, қыпшақ, үйсін, дулат атанған руларды ертіп, Жошы ұлысын тастап, Шағатай нәсіліне қарайтын Есенбұға ханның қол астына көшіп кетеді. Мұхаммед Хайдар Дулатидің айтуынша содан бастап Керей хан мен Жәнібек сұлтанға ерген халық көшпелі өзбек немесе қырғыз – қазақ атаныпты. Жүніс ханның баласы Ахмет хан қырғыз – қазақтардың әскерге жараулысын үшке бөліпті: Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз. «Жүз» сөзі әкімшілік бірліктің атауы болып сол заманнан қалыпты. Әбілхайыр хан өлгеннен кейін 1499 жылы қырғыз-қазақтар және олармен достық қатынаста болған көршілес тайпа-рулар Шағатай ұлысын тастап, қайтадан Жошы ұлысына қосылады. «Өзбек - өз ағам, сарт- садағам» сол тарихи уақиғаны білдіреді. Тәуелсіз Қазақ хандығы жобамен 1456 жылы құрылды. Алғашқы хандар Керей, Жәнібек , Бұрындық. Қасым хан билеген жылдары (1511-1518жж) хандық жері едауір ұлғайады, «Қасым ханның қасқа жолы» атты заңдар жинағы қабылданады. Тәуке хан (1680-1718жж) әкімшілік реформа жүргізіп, «Тәуке ханның жеті жарғысы» енеді, Жетіру деген елдерді Орта жүзден алып Кіші жүзге қосады. Олар: табын, тама, кердері, кереит, жағалбайлы, тілеу, рамадан. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Орталық Азия халықтары ұйғырлар, өзбектер, қырғыздар, қазақтың жүздері, т.б. түп -тамыры бір халықтар. Қазақ халқының ішінде жүздерге кірмейтін рулар: төре, қожа, сарт, құрама, төлеңгіт, сунақ, қырғыз, ноғай, қарақалпақ , қият, шалақазақ, т.б. ұсақ рулар бар. Жүзге кірмейтін рулар да қазақ халқының ажырамас бөлігі. Мысалы: төрелер – әке жағынан Шыңғыс ханның ұрпақтары, ал аналар жағынан олардың қанында қазақтың барлық руларының қаны бар. Шыңғыс заманынан 800 жылдан астам уақыт өтті. 30 жылда бір ұрпақ ауысады деп санасақ, 27 ұрпақ өткен шақта қазіргі төрелерде Тимучиннің бір тамшы қаны да қалмады. Сол сияқты қожалар Мұхаммед пайғамбардың күйеу баласы Әли сахабадан тарады десек, 1400 жылдың ішінде бүгінгі қожаларда арабтардың бірде - бір гены қалған жоқ. Шалақазақтың арғы атасы парсы болса да, бергі жағы түгел қазақ. Арғын ішінде Тарақты деген ру бар. Тарақтыны Арғынның «ноқта ағасы» деп атайды. Олар Арғынның көшінің басында жүретін, қыздан тараған ұрпақ. Сарттар, құрамалар, төлеңгіттер аталары мен аналары әр рудан болып қандары араласып кеткендер. Қырғыз, қырғызбай деген рулар қазақ ішінде үшеу: бірі – Кіші жүзге кіреді, екіншісі– Ақмола облысында тұрады, үшіншісі – Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстарында. Бұлар Алатау қырғыздарынан басқа. Бұл парадоксты түсіндіру қиын емес, қазақта Қырғыз, Қырғызбай, Өзбек, Өзбекәлі, Түркімен, Ноғай, Ойрат, Алтай, Торғауыт, Қазақбай деген аттар кездесе береді.
Жалпы айытқанда, қазақты руға, жүзге қарап бөлуге болмайды. Қазақтың рулары көршілес халықтардың ішінде де кездеседі. Орталық Азия халықтары, руына қарамастан антропологиялық жағынан біртекті, оларды бір-бірінен ажыратып, бір-біріне қарсы қоюдың қажеті жоқ. Әрбірдесін, бәрімізде Адам Ата мен Хауа Анадан жаратылғанбыз. Қазақстанда 18 миллион халық тұрып жатыр, оның 12 миллионы қазақтар. Түркілер бұратана халықтарды ешқашан сыртқа итермеген, бауырына басқан. Бұның куәсі Күлтегін тасындағы руна жазулар: «Жалаңаш халықты тонды, Кедей халықты бай қылдым. Құл мен күңді құл иеленуші қылдым. Аз халықты көп қылдым. Тату елге жақсылық қылдым». Бүгінгі күннің өзекті мәселесі, қалған 6 миллион халықты ұйыстырып жаңа біртұтас ұлт құру. Әр азаматымыз қазақ тілін толық меңгергенде ғана бұл мәселе шешіледі. Оңтүстік пен Батыс аймақтарда халық 100% мемлекеттік тілді меңгерген. Солтүстік аймақта бұл мәселе шешімін таба алмай тұр. Әр этностың құқығын шектемей жағдайды қалай өзгертуге болады? Ол үшін барлық бала бақшаларда тәрбие тек қана қазақ тілінде болу тиісті. Сәби мектепке барар жасқа жеткенде, балаларын қай тілдегі мектепке беретінін ата-аналар өздері шешсін. Баланы бала бақшадан қазақ тіліне үйрету, барлық этнос өкілдерін, мектеп таңдау мәселесіне келгенде, тең жағдайға қояды.Бұл тәжірибе шет елдерде кеңінен қолданылады. Үлгі ретінде Израиль бала бақшаларын алуға болады. Бұлай болмағанда, бала бақшада орысша тәрбиеленген баланың құқығы шектеліп, орыс мектебіне барудан басқа амалы болмайды. Орыс, өзбек, ұйғыр мектептері сақталу керек. Бұл мектептерді бітірген түлектер сәйкес ұлттық территорияларда білім алуын жалғастыру мүмкіндігі бар. Ағылшын тілі– заманның талабы. Жаһандану заманында бұл тілсіз басқа халықтармен қарым- қатынас жасау мүмкін емес. Балаларын ағылшын тіліне үйрену әр ата-ананың ырқында болу тиісті. Екінің бірі ғалым бола бермейді, шет елге шығу баршаға қажет емес. Сондықтан ағылшын тілі керек деген адам, арнайы мектептерде оқып - үйренуі тиісті. Қазақстанда жалпыға ортақ бір ғана мемлекеттік тіл болу керек. Басқаша халқымызды ұйыстырып, топтастырып біртұтас халық құра алмаймыз.
