"Мен қазақпын" - қандай керемет сөз тіркесі. Бұл сөдерде терең мағына жатыр. Кей кезде біз осыны ұмытып та кетеміз. Өзінің ұлтымен, өзінің туған жерімен мақтану нағыз патриоттық сезімнің көрінісі емес пе? Сонда қазір "қазақ болу" - деген не?
Баяғы заман қазақтары туралы тарихи кітап беттерінен оқып-көріп жүрміз. Сол кездегі ата бабаларымыздың бейнесі анық елестетіледі. Ерлерге келсек үстінде ұзын шапаны басында бөрігі, аяғында саптама етігі, қолында қамшы ал астында жүйрік жирен серігі көзге суреттелледі. Ал нәзік жанды қазақтарға келетін болсақ, ұзын қардай ақ көйлегі, керемет оюлармен безендірілген салтанатты қамзолы, беліне дейін өрілген қара шашы. Иә, шіркін осы бейне бір ертегідей тарихта қалып отыр. Енді уақыт өте келе, киелі қазақ жерінде басында Ресей империясының, содан Большевиктердің бодандығы орнады. Кеңес дәуірінің ықпалы ең ауыр соққы болды деп ойлаймын. Коммунистердің жүргізген идеологиялық саясаты қазақтарды өз тілінен, дінінен, салт дәстүрінен алшақтатты. Әсіресе солтүстік өңірлерде қазақ болудың өзі бір ұятқа айналғандай болды. Тіпті балалардың есімдерін орысша қойып, орыс тілінде сөйлету әрекеттері кең тарады.
Жалпы осы әрекеттердің барлығы Кеңес одағының кінәсі десек артық болар. Кінәнің бөлігі өзімізде де жатыр. Неге десеңіз, қазіргі ахуалға назар аударыңыз. Мен солтүстік өңірде тұрғасын аталмыш аймақ жайлы ғана баға бергелі тұрмын. Ықпал жоғалды, тәуелсіздік қанаты жайылып кеудемізді толтырып дем алатын күн туды. Ал қандай өзгеріс? Қазақтар бір-бірімен қазақша неге сөйлеспейді? Жоғарғы буын енді жарайды, ал жастарға не болды? Оларға кім орысша сөйлеңдер деп айтып жүр? Ешкім. Ол өздерінің жеке таңдауы. Қай жас бала қазір қазақтың салт-дәстүрлерін қастерлеп жүр? Қастерлеу түгілі осы дәстүрлерді танитын жастар шамалы(http://qazaq-el.narod.ru/index/0-42- мына сілтеме пайдалы болар). Соған кінәлі кім? Біз өзіміз! Жастарымызды ақымақ деуге де болмайды. Олар танитын дәстүрлер бар, бірақ олар жат елдікі. Кез келген жастан Футбол ойынының тәртібін сұрасаң тақылдатып бір мектепте оқытқан ережедей айтып береді. Ал асық ойындарының ережесі ше? Ұлттық ойын түрінің неше түрі бар екені, оны тіпті қалай ойнау керек екенін де айта алмайды(Википедияда барлығы бар). Соның ішінде ең сорақысы жастардың ішімдікке салынуы, дінімізді ескермеуі, жарайд, бұл енді тым қатты. Жалпы айтайын дегенім, қазақ болу өнерге айналып бара жатыр. Өзіміздің өте бай әрі алуан түрлі мәдениетіміз бар. Сол мәдениетті жай ғана көрсетілім ретінде қолданбайық ағайын, оны қайта еңгізейік өмірімізге, жандандырайық. Қазақ деген атқа лайықты болайық!