ru
Default banner
Разное
426 450 жазбалар45 тіркелуші
Всяко-разно
0

Қазақ боксының қара нары

Нұрмаханов Әбдісалан Кәрімұлы 1936 жылы дүниеге келген. Ол – қазақ бокс мектебін қалыптастырушылардың бірі. КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері (1966), Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Қазақстанның 10 дүркін чемпионы (1957-1967), КСРО чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері (1957, 1962 ж.ж.), КСРО халықтары спартакиадасының екі мәрте қола жүлдегері (1959, 1967), Азия-Африка ойындарының жеңімпазы (1963).

Әбдісалан Нұрмаханов тек спортшы ретінде ғана емес, бапкерлік қырымен де дараланған саңлақ. Ол бокс спортын зерттеп, арнайы оқулық жазған. Жоғары оқу орындарында кафедра меңгерушісі, проректор болып қызмет атқарды.

Бала кезінен ауыр жұмыс істеп, тағдыр тауқыметін тартып өскен азамат өзгелерге жанашыр бола білді. Спортшы ретінде Олимпиадаға баруына түрлі кедергілер кері әсерін тигізді. Өжет жан одан кейін бапкерлікке бет бұрды.

Әбдісалан Нұрмаханов қазақ құрамасының тізгінін 1993 жылы ұстаған. Ол кісі тәртіпке баса мән берді. Әрбір спортшының ішкі әлеміне үңіліп, әкесіндей қамқор болған деседі. Нұрмахановтың бас бапкер болуымен Қазақстан құрамасы бұрынғыдан да күшейе түсті. 1993 жылы Иранның астанасы Теһранда өткен Азия чемпионатында қазақ құрамасы командалық есепте топ жарды. Таиландта өткен әлем кубогында қазақ боксшылары командалық үшінші орынға табан тіреді. 1995 жылы біздің жігіттер Ташкенттің төрінде Азия чемпионатының алты алтын, бір күміс жүлдесін жеңіп алды. 1995 жылғы әлем чемпионатында Болат Жұмаділов күміс, Василий Жиров қола жүлдеге ие болды.

1996 жылы Қазақстан тұңғыш рет тәуелсіз ел ретінде Атлантада өткен жазғы Олимпиада ойындарына қатысты. Бокстан ұлттық құраманы додаға Ә.Нұрмаханов бастап барды. Түркістан қаласында шыңдалып өскен азамат спорттағы тәжірибесі мен түйгендерін шәкірттеріне үйрете білді. Атланта Олимпиадасында Нұрмахановтың шәкірттері 1 алтын, 1 күміс, 2 қола еншілеп, ел абыройын аспандатты. Василий Жиров алтынға иелік етсе, Болат Жұмаділов күміс медаль алды. Ал Болат Ниязымбетов пен Ермахан Ибраимов қола медаль еншіледі.

Қазақ спортына еңбегі сіңген Әбдісалан Нұрмахановтың есімі тәуелсіздік шежіресінен ойып тұрып орын алады. Себебі нарқасқа азамат бокс спортындағы ұлы жеңістердің іргетасын бекітіп берді. Атлантадан бері ұлттық құрама ешбір Олимпиада ойындарынан алтын жүлдесіз қайтқан емес. Ұлт өз батырларын ұмытпауы тиіс!

#Қазақстанныңтанымалспортшылары #ЗнаменитыеспортсменыКазахстана