Қазақ блогшыларымен әңгіме
Қазақ блогосферасы — өзіндік стилі, тілі, өмірлік көзқарасына ие ерекше әлем. Себебі әр қазақ блогшысы ана тіліне, салт-дәстүріне, тарихына, өнеріне деген құрметінен пайда болған толғанысын өз электронды жазбаларына көшіруге тырысады. Бірақ көпшілікке үйреншікті түрде емес, жаңаша, қызықты, әрі заманымызға сай. Бірі әлеуметтік тақырыпты қозғаса, екіншісі әдебиет, тағы біреуі қолөнер мен кино өнерін талқылайды. Бүгін қазақ блогосферасына танылып үлгерген қыз-жігіттер өзінің блог-тәжірибесімен, ой-толғаныстарымен бөліспек.

Анар - Ақзере
Блогымды 2007-жылдың қараша айынан бастап жүргізіп келемін. Ең алғашында wordpress тұғырынан ашқанмын, алайда, соңғы кездері тұғырнаманы блоктау сынды орын алып жатқан ақауларға байланысты блогымды dosym.kz-ке ауыстырдым.
Жалпы блог бастауыма келетін болсам, интернет әлеміне еңгеннен кейін Live Journal сияқты блог тұғырлардан орыс тілді блогтарды оқудан бастадым. Кейінінен қазақша блогтардың да бар екендігін біліп, блог бастауға деген қызуғышылығым пайда болды. Содан жұмыста бос уақытымды пайдалы өткіземін деп, блог аштым.
Өзім негізі қарапайым тілмен жазылған, қысқа да нұсқа, айтатын ойы, көтеріп отырған тақырыбы анық посттарды ұнатамын.
Бүгінгі таңда қазақ тілді блогосфераның дамуына, менің ойымша, қазақ тілді контенттің аздығы, ауылдың, яғни таза қазақи ортаның интернетке қолжетімсіздігі, жетсе «Мой мир» сынды әлеуметтік желілерден аса алмаулығы кедергі болуда. Себебі жастар, соның ішінде қазақ жастары, әлі де интернетті толық түсіне алмай келе жатыр.

Менің блог жүргізіп келе жатқандығыма, қателеспесем, 3 жыл болып қалды. Wordpress платформасында «Дүниетаным» деген блогтың жүргізушісімін.
Алғаш блогингке қызығушылығым университетке 1-курс болып түскен уақыттан басталды. Бастапқыда қазақ тілінде жазатын блогшылардың жазбаларын оқи бастадым. Содан өз блогымды ашуға бел будым.
Негізгі қызығатын тақырыбым, біріншіден, әдебиет, екіншіден, кино және оларға жазылған рецензиялар, үшінші, әртүрлі тақырыптық блогтар. Мысалы интернет, музыка, киноға арналған блогтарды жиі қарап отырамын. Өкінішке қарай қазақ тілінде жазылатын бұндай блогтар өте аз. Өзім қазақ, орыс, ағылшын тілді блогшыларды оқып тұрамын.
Қазақ блогосферасының осал тұсы - тақырыптық блогтардың аздығы, осыны дамыту керек деп есептеймін. Бұл салалардың дамымай отырғандығы, меніңше, қазақ тілді аудиторияның аздығы. Блогшылар оқырман санына қарамайды, арнайы бір тақырыпта емес, әр кезде өзінің қалауы бойынша әр түрлі нәрселер жаза береді. Негізі, оқырман қаншалықты көп болса, тақырыптық блогтар да соншалықты көбейеді.

Мақпал - Қалды қыз
Блогингке деген қызығушылығым бұрыннан бері бар болатын, алайда, ашқаныма 1 жыл ғана болды. 2010 жылдың күзінен бастап жүргізіп келемін. Бұрын қазақша сайттарда жүрген кезімде, әркім өз блогына сілтеме тастайтын. Сол сілтемелер арқылы блогтың не екенін көріп, сол жерде түсініп, өзімнің де блог ашуға деген қызығушылығым оянды. Блог туралы алғаш рет сол қазақша сайттардан білдім.
Блог ашқан себебім - өзгелермен ой бөлісу. Посттарымда ойдан ештеңе құрастырмаймын, айналамда болып жатқан нәрселерді ғана жазамын. Журналист те, аудармашы да емеспін, сол себепті әдеби тілмен жазылған немесе басқа тілден аударылған материалдар блогымда жоқ. Тек өмірімде болған, болып жатқан құбылыстар жайлы ой толғаймын. Ал басқа блогтардан өмірге құштар ететін, позитивті жазбаларды оқығанды жақсы көремін. Қайғыны арқалаған тақырыптарды онша өзім көтере алмаймын және оны оқымауға тырысамын.
Қазақ блогосферасының кемшіліктері бар деуден аулақпын. Тек блогшыларды көп адамдар түсіне бермейтініне өкінемін. Жазған жазбаларына бірден жаман пікірлер қалдырып, адамның көңілін түсіріп тастауға тырысады. Бірақ та ондай пікірлерге қарамай, жаза беру керек деген қағидам бар. Сүйіп оқитын блогшыларым: Ақзере, Бальзаминка (Үндістанда білім алып жүрген қазақ қызы), 6 градус - Жанна (Жапониядағы қазақ қызы), Сатыбалды, т.б.

Дінмұхамед – Қисық
Блогымның неге Қисық атанғанын айта кетейін. Алғаш блог ашайын деп блогосфераны шарлап жүргенде айбарлы, сәулетті, әлеуметті, әдемі блогтарға көп кезіктім. Ал қарапайым, жағал жұртқа арналған ештеңе жоқ екен. Ойлана келе, қисайып, басқа жолмен берейінші деп, блогымды «Қисық блог» деп атадым.
Тұрақты түрде блогымды 2010 жылдың күзінен бері жүргізіп келемін. Блог туралы осыдан 3 жыл бұрын, өте банальды түрде – Асхат Еркімбайдан білдім.
Блогты нақты бір оқиғаның әсерінен соң бастап кеттім деп айта алмаймын. Оны былай елестетсе болады: бір офисте қарапайым қызметкер отырады. Оның ширыққан сәттері болады. Ширығып-ширығып, бір нәрсені халыққа жеткізгісі келеді, ішіне толып қалған ойлармен бөліскісі келеді. Сонда ойыңды жеткізудің бір тәсілі осы блог. Бастапқыда өзгелердің көмегімен, ал әрі қарай өзі инерциямен кете берді.
Мен - ең дилетант, жаман блогшылардың бірімін. Кез-келген тақырыптың басын түрте беремін. Ең басында біраз дін туралы жазбалар мен өлеңдерімді жазып отырдым. Ал жалпылама айтатын болсақ, өзіме ұнайтын, сол салаға баса мән бергім келетін екі бағыт бар. Біріншісі, басқа тілдердегі мәліметтерді қазақшаға аудару, ал екіншісі, өзімнің шығармаларым. Блогшының шырайлы, ұтымды, тапқыр тілмен жазған копипаст емес, өз шығармаларын оқығанды ұнатамын. Ондай жазбалар қазақ блогосферасы ардагерлерінің арасында жиі кездеседі.
Қазақ блогосферасының кемшіліктері - қазақ қоғамының кемшіліктерімен тығыз байланысты. Менің ойымша, қазақ блогшылары - қазақ тілді интернет қолданушылардың арасында бір көш алда тұрған белсенді топ. Сондықтан олардың айтқан сөздері, жазған жазбалары көп жағдайда басқа оқырмандардың түсінбеушілігіне ұшырап жатады. Меніңше, осы көзқарас алшақтығы қазақ тілді блогшылардың танылуына бірқатар кедергілер жасайды. Тағы да бір кемшілік - қазақ тілді блогшылардың бизнестен алыстауы. Өйткені энтузиазм 1-2 ай не 1 жыл ғана болады. Ал блогты әрі қарай жүргіземін, тұрақты түрде жазып тұрамын деген адам қаламақысын алып, тиын-тебенін тауып тұру керек. Өзімнің қалауым, арманым, жоспарым осыған келіп саяды, яғни болашақта қазақ блогшылары бизнеспен жақындасып, жоғары деңгейдегі шараларға араласып, қатынасып тұрса екен деген. Өйткені қазіргі блогосферадағы көпшілік жазбалар күнделікті тіршілік деңгейінен аса бермейді. Бұл, әрине, оқырманды жалықтырады.
Қазақ блогшыларының арасында өте сауатты, мықты жазатын, дөп тигізіп айтатын блогшылар жеткілікті. Бірақ та жаңағы айтқанымдай, олардың бизнеспен қарым-қатынасының болмауынан, көпшілікке таныла бермейді. Егер қазақ блогшылары бизнеске араласып, іскерлік саламен байланыста болып, сол арқылы ақша тауып жатса, онда қазақ блогосферасы одан да биік деңгейге жетіп, дами түседі деп ойлаймын.

Блогымды 2008 жылдан бері жүргізіп келе жатырмын. Wordpress блог-платформасына тіркелген болатынмын. Өкінішке қарай, қазір бұл тұғырнамадағы блогтар бір жерде ашылып, бір жерде ашылмайды. Жұмыста отырып, блогыма жазба орната беруші едім. Қазір ондай мүмкіндіктен айрылдым. Сондықтан блогымды жаңалауды қойдым. Басқа платформаға ауысу ойымда бар.
Журналист болғаннан кейін әр түрлі тақырыптарды жазасың. Бір ретте осы блогтар жайында хабар жасауыма тура келді. Осы ретте белгілі журналист-блогшы Асхат Еркімбайды сұхбатқа шақырған едім. Содан бері жаңа медиамен таныспын. Жалпы блогты насихаттауда Асхат Еркімбайдың үлкен еңбек атқарғанын блогпен таныс кез келген адам біледі, әрі мойындайды. Бұл салаға барған сайын журналистер мен белгілі тұлғалардың қызығушылығы артып келеді деп ойлаймын.
Шын мәнінде пайдалы, мәнді, маңызды проблема көтеретін блогтарды ұнатам. Жақында ғана атыраулық блогшы Тимұр Бектұрдың Стив Джобстың дүниеден өткеніне байланысты жазбасы көпті қалай таңқалтты. Сол сияқты кейбір блогшылар қоғамда болып жатқан проблемаларға өздерінің тың ойларын айтып жатады. Кейбір блогшылар білгенімен бөлісіп жатады. Қоғамның тамыр соғысымен қатар ілесіп отырған блогтарды қарап отырамын. Тіпті кейбір ақпаратты бірінші блогшылардан естисің. Бұл өте сирек. Дегенмен мұндай жағдайлар болған.
Көптеген мамандар қазақ блогосферасының ойын-сауық бағытында дамып келе жатқанын сынап жатады. Мен мұнымен келісемін. Махаббат, әзіл-қалжың, ән, көңіл-күйді сипаттайтын блогтар да керек, бірақ, сонымен бірге, шын мәнінде қоғамдық-саяси, әлеуметтік проблемаларға арналған блогтар да қажет. Мысалы, қазақ блогосферасында Серік Мұратхан есімді астаналық блогшы бар. Ылғи қоғамдық проблемаларды жазып отырады. Бірақ мұндай блогтар тым аз. Осындай жазбалар блогосфераның салмағын арттырады. Сені қалай болса, жауып тастамайды. Сенімен санасады деген сөз. Әрине, қазір оған жету алыс. Бірақ соның негізі қаланатын кез келді. Сосын блогосфера дәстүрлі БАҚ-тың жолын қайталамай, өзінше бір жеке әлем ретінде дамыса деген тілек бар. Интернет дәуірі сыйлаған пікір ашықтығы, ой алуандығы, тың көзқарастың үлгісі болса, ресмиліктен ада болса ғой деп тілеймін.
