Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қазақ баласы технология тілін меңгере алды ма?

Бүгінгі автоматты және мобилді озық технологиялардан тұратын әлемдік экономика техникалық және технологиялық ізденістердің арқасында адамзаттың инженерлік қабілетін арттырып, адами жаңалықтардың игілігін бір ғана құрлық емес, бүкіл ғаламшардың пайдалануына мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, бұған компьютерлік құрылғыларды, дамыған байланыс жүйесін, автоматтандырылған тұрмыстық техниканы, ақпараттық технологияны айтсақ та жеткілікті.

Әлемдік шаруашылықтың негізгі табыс көзі бизнеске айналып отырған ХХІ ғасыр ғаламшарымыздағы алпауыт бай адамдар шоғырын қалыптастырды. Әлемде соңғы 2 ғасыр ішінде шамамен 500 адам миллиардер атанып үлгерген. Олардың көбісі өз бизнестерін нөлдік тұрғыдағы дәрежеден бастап, бүгінде ғаламшар халқының тұтынатын тауарлар мен техникаларын өндіретіндей дәрежеге жеткен. Осы 500 бай адамның 200-ге жуығы өте бай адамдар саналады екен. Олар ғаламдық нарықтағы экспорттың 50 пайызынан астамын бақылап отырған трансұлттық корпорациялардың қожайындары болып табылады.

Бүгінде әлемдік экономикада қарқынды дамып отырған компаниялар бар. Олар Дүниежүзілік сауда ұйымының аясында әрекет етеді. Егер де ғаламдық компаниялардың болашақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайларының дамуын сипаттар болсақ, онда келесі құбылыстардың орын алары сөзсіз: әлеуметтік тұрақтылық, төлем қабілетінің артуы, бәсекелестіктің сақталуы мен интеграцияға жол ашатын экономикалық серіктес компаниялардың көбеюі. Біз бүгінгі ғаламдық шаруашылық жүйесіндегі автомобиль өндірісі мен компьютерлік технологиялар нарығына талдау жасай отырып, ғаламдық компаниялардың Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру арқылы қаншалықты пайда табатынын және одан жалпы мемлекеттік және ғаламдық дамудың қалайша өрбитініне назар аудармақпыз. Әлемдік демографиядағы өзгерістерге қарай экономикалық даму деңгейіне мән берер болсақ, 1990-2000 жылдар аралығында ғаламшар халқының саны 5,3 миллиардтан 6,1 миллиардқа, яғни, шамамен 15 пайызға өссе, сол аралықта автомобиль өндірісі 36,8 миллион данадан 40,3 миллион данаға дейін артқан. Бұл халық өсімінің ырғағы әлеуетті тұтынушылардың сатып алу деңгейінен 15 есеге жоғары дегенді білдіреді. Автомобиль өндірісіндегі мемлекеттердің үлес салмағын есептер болсақ, онда «үлкен жетілік» елдерінің алда келе жатқанын байқаймыз. Олар автомобиль өндіруден әлемдік көшбасшылар саналады және олардың үлесіне осы саладағы өндірістің 60,2 пайызы тиесілі. Екінші аралас топқа 22 дамушы және дамыған мемлекет жатады. Бұл елдерді атап айтар болсақ, олар: Испания, Ресей, Бразилия, Мексика, Австралия, Польша, Корея Республикасы, Нидерланды, Аргентина, Үндістан, Тайвань, Бельгия, Түркия, Малайзия, Оңтүстік Африка, Австрия, Швеция, Қытай, Чехия, Швейцария және Португалия. Бұл елдердің үлесіне аталмыш нарықтың 27 пайызы жатады. Ал бұл елдердің экономикалық өсімі мен бюджеті де осы өнеркәсіп түрінен артып отыр.

Дүниежүзі экономикасындағы табысты саланың біріне – дербес компьютер өндірісі жатады. Дәл осы тауар түрі қоғамның ақпараттануының негізгі басым белгісіне жатады. Бұл тауардың нағыз дамыған елі – АҚШ. Өткен 10 жыл ішінде АҚШ компаниялар қызметкерлерінің 42 пайызы Интернет қызметін пайдаланып, 60 пайызға жуық американдық жанұя дербес компьютерге қол жеткізген. Ал 2000 жылы әлемде 135 миллион компьютер өндірілген.

Жыл сайын бұл салада компьютер өндіру артып, керісінше, оның бағасы құлдырау үстінде. Десек те, бұл тенденция әлемнің барлық елдеріне бірдей тән емес.

Әлемдік экономистер бұл тұрғыда мынадай салыстырулар келтіреді. Солтүстік Америкада халықтың 41 пайызы Интернетті пайдалану мүмкіндігіне ие болса, әлем халқының бестен бірі өмір сүретін Оңтүстік Азияда он-лайн режимінде халықтың 1 пайызы ғана Интернет қызметін пайдалана алады. Бұл көрсеткіш Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінде – 2 пайыз, ал Латын Америкасында 3 пайыздық тұтыныс деңгейін көрсетеді. Ал Интернетті жоғары деңгейде қолданатын елге индустриясы дамыған АҚШ пен Канада жатады. Олардың үлесіне ғаламдық тұтыныстың 57 пайызы жатады.  Африка мен Орта Шығыс елдерінің халқы Интернетті 1-ақ пайыздық деңгейде тұтынады. Интернет арқылы берілетін ақпараттың 75 пайызы ағылшын тілінде. Интернетті пайдаланушы африкандықтардың жалпы саны сол құрлықтағы 739 миллион адамның 1,2 миллионын ғана құрайды, яғни, 0,16 пайыз және оның 1 миллионы, яғни, 87 пайызын Оңтүстік Африка Республикасының халқы құрайды.

1999 жылы Интернет пайдаланушылардың саны әлемдік аймақтар бойынша келесідегідей деңгейде: Азия-Тынық мұхиты аймағы – 40 миллион адам, Еуропа – 70 миллион адам, Канада мен АҚШ – 120 миллион адам болса, бүкіл әлемде Интернет қолданушылар саны – 242 миллион адамға жеткен.

Автомобиль және компьютер саласындағы ғаламдық компаниялардың нарық шекарасын салыстырар болсақ, олар саны бойынша үндескенімен, автомобильдің бағасы компьютерден едәуір қымбат. Бұл екі нарықтың өндірістік сипаты бір-бірінен өзгеше болғандықтан, оның тұтынушылары мен оны өндіруші елдердің жағдайы да түрліше. Мәселен, Қытай автомобиль санынан Үндістаннан артта қалса, дербес компьютер пайдалану жағынан Үндістаннан басым тұр.

Біз бұл мысалдарды келтіру арқылы автомобиль мен компьютер өндіретін елдердің әлемдік нарықта жетекші орынға шығу мүмкіндігі бар екендігін айтқымыз келеді.

Енді Қазақстан экономикасын сөз етсек...

Қазақстан Республикасы әлемдік экономикада дамуы орташа мемлекеттер қатарына жатады. Еліміздің бай жер ресурсы тәуелсіздік алғалы бері республикамыздың негізгі капитал қорына шетелдік тікелей инвестицияның келіп түсуіне себепкер болды.  Тоқсаныншы жылдардың басында орын алған жекешелендіру саясаты еліміздің даму жүйесіне кері әсер етті. Көптеген шаруашылықтар нарық талаптарына бірден мойынсұна алмай, банкротқа ұшырап, жұмыссыздықты арттырды. Шағын және орта бизнес секторындағы бюрократия мен сыбайлас жемқорлықтың күрт өсуі негізінен мемлекеттік саясаттың және бақылаудың босаңдығынан орын алды. Ал, ел экономикасына түсетін капитал көлеңкелі бизнеске жұмсалып, бай мен кедей арасындағы алшақтық неғұрлым арта түсті. Еліміз шикізат өндірумен ғана шектеліп, қайта өңдеу өнеркәсібі мен индустрияны дамытуға аса көңіл аудара қоймады.  Міне, осының салдарынан Қазақстанда бүгінге дейін өнеркәсіптің өсімі аз, инфляция жоғары, шағын және орта бизнес субъектілері дамымай, бюджетке тиісті дәрежеде салық түспей келеді. Міне, бұл мәселелер дамуға кері әсер етіп келеді. Сондықтан да, осы кемшіліктерді қалпына келтіру үшін әлемдік сауда қатынасынан сабақ алған артық болмайды.

Қазақстан бүгінгі таңда әлемдік тәжірибеге назар аударып, ғаламдық нарықты жаулаудың жолдарын үйренуі керек. Еліміздегі бай шикізатты нарыққа өнім ретінде алып шығу үшін тек қана жер бұрғылай берудің қажеті жоқ. Оның экономикалық және экологиялық тиімділігін естен шығармаған абзал. Біз алдағы санда  әлемдік компаниялардың ұялы байланыс және әуе тасымалы саласындағы қызметі туралы әңгімелекпіз. Бұл әңгімеміз сіздің көкейіңізге ой салса, ол ой іске асып, Қазақстанның қазынасына қаржы түсіп жатса, онда мақсаттың жүзеге асқаны.

Айдос САДУАҚАСОВ,

журналист

 

0
0
405

Осы тақырып бойынша

Қазақ баласы технология тілін меңгере алды ма? - Yvision.kz