Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қазақ қара алтынның қадірін біліп отыр ма?

Мұнай қоры мол елдің жағдайы жаман болмайтыны белгілі. Қаржы алпауыттарының әлемдік өндіріске жан бітіретін осы бір құнды шикізатты өндіруге аямай ақша жұмсайтыны да рас. Ал, әлемде қай елдер «мұнай державасы» қатарынан саналады? Қазақстан ғаламдық экономиканың негізгі шикізаты  - мұнай өндіру мен сатудан әлемде қай дәрежеде? Біздің ұлттық стратегиялық мақсаттарымыз қандай? Осы тақылеттес сұрақтарға жауап іздеп көрсек...

Ағылшын мұнай компаниялары сарапшыларының есептеуінше, дүние жүзінде мұнай қорынан ешкімге дес бермейтін мемлекет, бұл — Сауд Арабиясы екен. Олардың мұнай қоры 261,8 млрд. баррелге бағаланыпты. Мұнайы көп екінші мемлекет — соғыстан көз ашпай жатқан Ирак. Оның мұнай капиталы 112,5 млрд. баррелге тең көрінеді. Әлемдік мұнайдың үшінші "серкесі" Біріккен Араб Әмірлігі болып есептелінеді. Оның қазына қоржыны 97,8 млрд. баррелден тұрады. Мәртебесі зор төртінші ел Кувейт деп танылған. Кувейттің жер асты байлығы 96,5 млрд. баррелге бағаланған. Мұнайы көп бесінші мемлекет — Иран. Оның қара алтын қоры 89,7 млрд. баррелді құрайды. Алтыншы мемлекет — Венесуэла, оның қоры 77,8 млрд. баррель болса, жетінші мұнай "империясы" — солтүстіктегі көршіміз Ресей Федерациясы, мұндағы көмірсутек қоры — 60 млрд. баррель.

Енді осы елдердегі "мұнай өндіру көлемі қанша екен?" деп назар аударсақ, көп өндіретін мемлекет те Сауд Арабиясы болып шықты. Ақ жаулығына шаң жуытпай-ақ, қара алтынды өндіріске жөнелтетін арабтар тәулігіне 8,9 млн. баррелдің мұнайын игереді екен. Ал екінші мұнай өндіргіш мемлекет - Ресей Федерациясы. Орыстар да арабтардан қалыспауға жанын сала кірісіп, соңғы уақыттарда тәулігіне 8,3 млн. баррелге тең келетін мұнай қорын өндіріп келеді.

Ал Қазақстан ше? Еліміз дәлелденген мұнай қоры жөнінен әлемде 12 орынды иемденсе, оны өндіруден де өзге елге қарағанда, әлдеқайда жоғары көрсеткішке ие.

1997 жылға дейін Қазақстан қойнауынан 617 миллион тонна мұнай, 110,969 миллиард текше метр жаңғыш газ өндірілді. Еліміз өз тәуелсіздігін ал­ғаннан кейін жүргізілген барлау жұмыс­тары оның алынбаған қорлары әлі де мол екендігін анықтап берді. Барлау жұмыстарының алғашқы кезеңінің өзінде 5,3 миллиард тонна қара алтын қорының барлығы айқындалып, мұның өзі елімізді мұнайдың дәлелденген қоры жөнінен әлемдегі он екінші орынға шығарды. Сонымен қатар, 2015 жылға таман мұнай өндірудің көлемі бойынша әлемдегі алғашқы ондық елдерінің қата­рына қосыламыз деген болжам да бар.

Ең бастысы, шетелдік сарапшылардың "Қазақстан мұнайының болашағы зор" деген пікірді бірнеше рет айтқанын естігеніміз рас (лайым солай болғай!). Мұнай-газ саласы Қазақстан экономикасының стратегиялық нысаны болып есептеледі. Шикізат игеру сағат санап артып келеді.

Кейбір сарапшылық бағамдарға сүйенсек, елімізде мұнай қоры 21 миллион баррелді, газ қоры 1,8 триллион куб метрді құрайды. Каспий қайраңындағы Қазақстанның алдын-ала болжанған мұнай үлесі – 13 миллион тонна немесе 100 миллион баррелге тең келеді.

Көмірсутектік шикізатқа деген әлемдік сұраныстың жоғары болуы, бюджеттің кіріс бөлігіне экспорттан түсетін ақшаның көбеюі соңғы жылдары республикамыздың қаржылық жағдайының жақсаруына мүмкіндік бергені рас. Дей тұрғанмен, қазақстандық экономистер «голланд ауруының» сыр беруін де байқап, экономиканы әртараптандыру қажет екендігін алға тартты. Міне, осы бағытта қолға алынған жұмыстар нәтижесінде әлеуметтік салада да тұрақтылық байқалды.

Алғаш рет 2000 жылы бюджет профициті Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын құруға, аймақтық импорт алмасу бағдарламасын іске асыруға, отандық өндеуші өндіріс саласының дамуына, шағын және орта бизнесті қолдауға, сондай-ақ, өнеркәсіп өндірісінің құрылымдарын күшейту үшін Әлемдік Валюта қорынан қысқа мерзімге алынған қарыздардан құтылуға қол жеткізді.

Қандай да бір шикізат нарығының дамуы ұлттық экономикадан әлемдік экономика кеңістігіне шығудың қажеттілігін тудырады. Қазақстан экспортқа негізінен Ресей арқылы шығып келеді. Ашық экономиканың даму шарттары шикізат өндірісінің қарқынды күшеюімен және көзделген мұнай көлемінің экспортқа нарықтық реформалануы еліміздің мұнай экспортына деген тәуелдігінен құтқаруға әлі де болса мүмкіндік бермеуде. Алайда, елімізде қолға алынған Индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы бұл мәселеден шығудың негізгі жолдарын қарастырып берді.

Қазақстанның мұнайы мен газын тасымалдау және сыртқы рыноктарға шыға­ру мәселесі ұлттық стратегиялық мүддемізге сәйкес шешілуде. Мәселен, мұнай және газ құбырлары­ның жалпы ұзындығы 1990 жылы 3,5 мың шақырымды құраса, 1997 жылы оның ұзындығы 10,8 мың шақырымды құраған. Бұдан өзге де мұнай тасымалдаудың әлемдік нұсқалары іске қосылды.  КТК желісі арқылы Қазақстан Батыс елдері нарығына шығу мүмкіндігін иеленсе, Атасу – Алашаңқай мұнай құбырының салынуы нәтижесінде аспанасты елінің қара алтын шикізатына деген сұранысын қамтамасыз етіп келеміз. Ғаламдық сарапшылардың айтуынша, мұнай қорының үлкен бөлігі нарықтық экономиканы мойындамайтын елдердің еншісінде. PFC Energy дәйектеріне сүйенсек, мұнайдың әлемдік қорының 77 пайызын мемлекеттер ұлттық компаниялары арқылы бақылауда ұстап отыр. Осылайша мұнайды экспорттаушы мемлекеттерде энергетикалық рынокты моно­по­лизациялау тенденциясы байқалуда. Өндіріс өрісін кеңейтетін инвестиция ағымы мен озық техноло­гия­ларды енгізуге кедергі болатын бұл құбылыс өзге елдердің экономикасына да әсер етері анық. Бұған қоса, монополизациялаудың  нәтижесінде мұнайды экспорттау ғаламдық нарық қағидаттары тұрғысынан емес, геосаяси сипатта жүргізілуде. Ал, Қазақстанның энергетика ры­ногы инвестициялық климаттың оңтайлылығымен, ашықтығымен дараланады. Қазақстан экономикасына соңғы 15 жыл көлемінде тартылған шет­елдік ивестиция 50 миллиард АҚШ долларын құраса, соның 80 пайызы көмірсутегі шикізатын өңдеу саласына бағытталған.

Қорыта айтқанда, Қазақстан қара алтын игеру мен оны шетел нарығына шығару арқылы ұлттық экономиканы табысты етіп қана қоймай, әлемдік нарықта да басты мұнай экспорттаушы ел ретінде мойындалып отыр. Бұл өз кезегінде әлемде қазақ деген ұлттың бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік бермек.

Айдос САДУАҚАСОВ6

Астана

0
0
746

Осы тақырып бойынша

Қазақ қара алтынның қадірін біліп отыр ма? - Yvision.kz