Қазаққа қай жаңа жыл жақын?
Міне, көзді ашып-жұмғанша, 2011 жыл да келіп қалды. Шыны керек, соңғы жылдары Жаңа жылдың да мәні мен сәні кетіп бара жатқандай… Білмеймін, бұл біздің тым ержетіп кеткенімізден бе, әлде ересек адам боп ертегілерге сенуді қойғанбыз ба, әйтеуір, Жаңа жылдың «сиқырлы» күндерінде армандардың орындалуына сенетіндер де азайып барады…
Шын мәнінде қазақтың Жаңа жылы қайсысы: күн мен түн теңесетін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз ба, әлде хижра жыл санауымен есептелетін мұсылмандық жылдың басы ма? Әрине, жеке өз басыма мұсылмандық жыл санауымен бірге, Наурыздың күні ерекше. Бір қызығы, Наурыздың тойлануына Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) Мұхаммед қарсы болмаған екен. Шынында да, Ұлыстың ұлы күні Наурыз «халал» той ретінде аталып өтпей ме?! Ал дәстүрлі Жаңа жылда не болатыны белгілі.
Жалпы, сіздер Жаңа жыл мен Наурыздың қандай айырмашылықтары барын ойладыңыздар ма? Біріншіден, жылда Жаңа жылда «осыншама шырша заңсыз кесіліпті» деген хабарды есітіп, өкініп жатамыз. Ал наурызда, керісінше, «Бір тал кессең, он тал ек» деген ұстаныммен ағаш егіліп, дала көгалданады.
Екіншіден, Жаңа жылда әдетте ішімдіктің түр-түрі дастарханның төрінде тұрса, Наурыз дастарханының сәні – қымыз бен шұбат, наурыз-көже.
Үшіншіден, Жаңа жылда нешетүрлі қытайлық салюттер аспанды дүркіретіп, кейбір балалар, тіпті, бұдан қолын күйдіріп, зардап шегіп жатса, Наурызда адамзат табиғатпен үндесіп, Ұлы Жаратушының адамзат үшін жаратқан жері, аспаны, суы, жалпы, табиғатының қадірін біледі, түсінеді. Негізі, біздегі Жаңа жылдың көп ырымдары да кеңестік заманнан қалған сияқты…
Ал сізге қай жаңа жыл жақын?
