Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

ҚазҰУ-дағы мұражайлар

Орыстың көрнекті ғалымы А.В. Луначарскийдің «Музей адамзаттың ғажайып естелік кітабы» деген ұлағатты сөзін ескергендей, іргетасы сонау 1933жылдары қаланған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қалашығында мұражайлар қоры жеткілікті. Атап айтқанда,

· Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарихы музейі

· Әл-Фараби мұражайы

· Биологиялық мұражай

· Қазақстанның палеолит мұражайы

· Қазақстанның көне және ортағасырлық археологиялық мұражайы

· Шығыс мұражайлары

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарихы мұражайы - университеттің мәдени дәстүрі мен бай тарихи мұрасын сақтаушы және рухани - идеологиялық тәрбие беру орталығы. Бұл орталық - ұлттық мәдени-тарихи нұсқаларды жинақтап, сақтап, насихаттап қана қоймай, жалпы адамзатқа тән үздік ұлттық құндылықтар мен дәстүрде тәрбиеленген, отанын сүйетін, өз болашағын мемлекет болашағымен байланыстыруға ұмтылатын, ел келешегін жалғастырушы, бәсекеге қабілетті жас мамандарды тәрбиелеу міндетін де атқарады.

Музей - еліміздің ең ірі білім ордасының бет пернесі, имиджі, тарихи қоры және корпоративті мәдениетінің басты көрсеткіші.

Университет тарихы музейі 1989 жылдың 27 наурызында салтанатты түрде ашылды. Университеттің бас музейі, аумағы – 1000 кв. м. құрайтын, 120- дан астан сөрелерде 5 мыңнан астам тарихи экспонаттар қойылған.

Қа­зақстандағы білім мен ғылым дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын қарашаңырақ ҚазҰУ-дың тарихи кезеңдеріне шолу жасау. Әр­түрлі жылдардағы университет өмірі, беделді ғылыми мектептердің пайда болуы және дамуымен байланысты тарихи құжаттар, Ұлы ойшыл бабамыз әл-Фараби мұралары мен М.О. Әуезов, Қ.И. Сәтбаев, Т.Т. Тә­жібаев, Е.Б. Бекмаханов, К.П. Персидский, А.Б. Бек­тұров, Д.В. Сокольский, Т.Б. Дарқанбаев, А.Х. Қасымжанов т.б. көптеген тамаша ғұлама ғалымдар кірпішін қалаған ғылыми мектептерге арналған витриналар мұражайдың «алтын қазынасы».

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих музейі – Халықаралық музейлер кеңесі Қазақстандық комитетінің құрылтайшысы әрі штаб-квартирасы Париж қаласында орналасқан үкіметтік емес халықаралық кәсіби ұйым ИКОМ құрамына енген бірден-бір жоғары оқу орны музейі. Еуразия және қазақ университеттері қауымдастығының құрамына енеді, әлем музейлерімен және мәдени орталықтарымен тығыз ынтымақтастық қарым-қатынас жасайды.

Әл-Фараби мұражайы. Қазақ жерінде туылған, әлемнің екінші ұстазы атанған Әл-Фараби есімі университет атына 1991 жылы берілген болатын. Ғұлама ойшыл Әл-Фараби атымен аталатын жеке музей 2013 жылдың 13 сәуір күні университетіміздің Ғылыми кітапханасымен бірге ашылып, оның бірінші қабатына орналастырылды.

Экспозициялар: «Көне Отырар – естеліктер қазынасы. Әл-Фарабидің жастық шағы»; «Ұлы Жібек Жолы бойымен»; «Әл-Фараби. Шығыс пен Батыс сұхбаты»; «Әл-Фараби еңбектері – адамзаттың асыл қазынасы. Әл-Фараби және түркі әлемінің ойшылдары»; «Әл-Фарабидің рухани мұрасы және қазіргі Қазақстан» сөрелері арқылы ерекшеленген.

Экспозициялық көрсетілімде данышпан мұралары – философиялық трактаттар, фарабитанушылардың құнды зерттеулері, Отырар елді мекенінен табылған тарихи артефактар, деректер, конференция материалдары және әлемнің ең ірі кітапханалары мен музейлерінен әкелінген баға жетпес жәдігерлер қойылған.

Музей – жастардың бойында рухани-адамгершілік мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, ұлы бабамыздың мұраларын ұрпақтан-ұрпаққа сүйіспеншілікпен жеткізуде және насихат жұмыстарын жүргізуде маңызды жұмыстар атқаруда.

Биологиялық мұражай 1936 жылы биология­лық факультеттің зоология кафедрасы жанынан зоологиялық мұражай ретінде ашылып, кейін 1949 жылы факультеттің биологиялық мұражайы болып қайта құрылды. Қазіргі биологиялық мұражайы орны 1984 жылы ашылды. Мұражай 3 бөлімді үлкен залдан тұрады, онда 84 витрина орнатылған. Мұ­ражай қоры териологиялық, орнитологиялық және энтомологиялық бөлімдерден тұрады. Мұ­ра­­жайдың үлкен залында Қазақстан және Орта Азия тоғай ормандарының патшасы Тұран жол­барысының (1815) экспозициясы қойылған. Бұл тек университеттің ғана емес, сондай-ақ бүкіл Қазақстанның мақ­танышы және зор ғылыми мәні бар.

Мұражай қорындағы экспонаттарды; жалпы биология, ботаника, зоология, жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің жүйесі, морфология, фито-зоогеография, экология, табиғат байлықтарын пайдалану және табиғатты қорғау сабақтарында пайдаланады.

Қазақстанның палеолит мұражайы 2000 жылы ашылған. Мұражайдың топтамалық ғылыми қоры 600 мыңнан астам артефактіден тұратын палеолит және неолит дәуірлеріндегі тастан жасалған құрал-саймандардың жинағынан құралған. Ма­те­риалдар хронологиялық тізбек бойынша ор­наласқан. Ол адам эволюциясы, кейінгі палеолит, Мустье дәуірі, төменгі палеолит секілді 5 бөлімнен және мезолит, неолит және энеолиттен тұрады.

Қазақстанның көне және ортағасырлық архео­логия мұражайы 1983 жылы ашылған. Мұ­­ражай экспозициясы үш бөлімнен тұрады, онда кафедра ұстаздарының ғылыми зерттеулері барысында та­былған қола дәуірінің, ерте темір ғасырының және орта ғасырлардың археологиялық материалдары жинақталған. Мұражайдың орта ға­сырлар тарихы бөліміне ерекше құнды және сирек ұшырайтын бағалы дүние қойылған. Ақ­төбе қаласынан та­былған бұл дүние шамамен V-VII ғасырларға тиесілі және орта ғасырлар ес­­керткіштерінің озық үлгісі болып табылады. Ғалым-археологтардың қалашық аумағынан тап­­­қан қыштың тамаша үлгілері – ыдыстар, құ­ман­­­дар (су, дәндерді сақтауға арналған), түрлі түсті қыштар, ортағасырлық су құбырларының сазды құбырлары қаланың көне заманнан орта ғасырларға дейінгі дамуының негізгі кезеңдерінің нағыз айғағы іспеттес. Демек, студенттерді оқыту кезінде түпнұсқалар экспозицияға маңызы зор көрнекі материал ретінде ерекше құндылық береді.

Шығыс мұражайы 2014 жылдың 16 мамырында әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының ұйымдастыруымен университеттің серпінді жобаларды жүзеге асыру бағдарламасы аясында Шығыс Мұражайының ашылу салтанаты өтті. «Шығыс Мұражайының» ашылу салтанатына құрметті қонақтар ретінде Алматыдағы ҚХР-ның Бас консулының орынбасары Дин Шанлин мырза, жобаның бас демеушісі, «Маңғыстаумұнайгаз» басқармасының төрағасы Сунь Синьюн, Алматыдағы Түркияның Бас консулы Супхи Атан, Алматыдағы Үндістанның Бас консулы Навин Капур, Мысыр мәдени орталығының директоры Ашраф Дервиш, Түркі халықтарының мәдени қорының директоры Ахмет ДағДұран мырза, Орта Азия тарихи-дипломатиялық қоғамның төрағасы С.Н. Нарысов және басқалар қатысты.

Шығыс Мұражайында ежелгі өркениет ошағы болып табылатын Қытай, Мысыр, Үндістанмен қатар Жапония, Корея, Иран, Түркия секілді Шығыс елдерінің тарихын, мәдениетін және салт-дәстүрін паш ететін құнды жәдігерлер жинақталған.

Шығыс Мұражайының ашылуына, құнды экс­понат­тардың жинақталуына шығыстану факуль­тетінің профессор-оқытушылар құрамы, жұ­мыс берушілері мен түлектері зор үлес қосты. Шығыс­танушы-мамандар даярлауда аталмыш мұражайдың орны ерекше болмақ, мұражай әлеуетін оқу-тәрбие үдерісінде білім беру ресурсы ретінде тиімді пайдалануға болады.

Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдаудың басым бағыттарын жүзеге асыру үшін ҰазҰУ кадрларына үлкен үміт артып отырғанын айтқан болатын. Заманауи талаптарға сәйкес, ІТ және жаңа технологиялар саласындағы жобалар басты назарда. Дегенмен де, тек болшақпен ғана өмір сүрмей тарихымызды, мәдени мұрамызды жаңғыртып жатқан ұлттық университетіміздің еліміздегі маңызды және әлемдік деңгейге жеткен мұражайлары бар.

Музей - жастарды ұрпақ сабақтастығы мен университеттік дәстүр, елжандылық пен азаматтық рухында тәрбиелеу ісін көрсететін, Отанымыздың тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі.

Мадалиева З.Б., Кудайбергенова С.К., Баймолдина Л.О.

0
0
1766

Осы тақырып бойынша

ҚазҰУ-дағы мұражайлар - Yvision.kz