Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

ҚазҰУ – қазақ ғылымының қарашаңырағы

Кез келген мемлекеттің болашағының жарқын, келешегінің кемел болуы білім мен ғылымның салтанат құруымен тығыз байланысты. Біздің еліміз үшін де білім мен ғылым әрқашан экономиканың негізгі қозғаушы күші. Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап ЖОО-лардан қаншама білікті, білімді мамандар түлеп ұшты. Бүгінде сол мамандардың барлығы да еліміздің әл-ауқатының артуы мен дамуы үшін ерінбей еңбек етіп, адал қызмет атқарып келеді.

Еліміздегі жоғары білімді маман даярлайтын ең үздік ЖОО-лардың бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Ұлттық университет қазақ үшін қастерлі, қасиетті «қарашаңырақ» деген статусқа ие. Көп жылдық тарихы бар бүгінгі ҚазҰУ – әлемдік рейтингтерде алдыңғы қатарлардан көрініп, бәсекеге қабілетті мамандар дайындауда танымал болған заманауи білім ордасы. Әлемдік QS World University Rankings рейтінгісінің зерттеу қорытындысына сәйкес әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемдегі үздік 800 университет арасында 207-ші орынды иемденіп, ең үздік 300 университет қатарына қосылды. Университет мемлекетіміздің жоғары оқу орындарының ішінде бірінші болып Қазақстан Республикасы Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығын иеленді.

Қазір университет дүниежүзіндегі жоғары оқу орындарын біріктіретін халықаралық ұйымдардың құрметті мүшесі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздің білім мен ғылымдағы, өнер мен спорт саласындағы әлеуетін танытып жүрген бірден-бір жоғары оқу орны. Оған университет білімгерлері мен түлектерінің жеткен жетістіктері мен кәсіби мамандану деңгейі жарқын мысал бола алады.

ҚазҰУ әлемнің белгілі жоғары оқу орындарының арасында Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін көрсете алды. Қазіргі уақытта университет жүз отыз жетіден аса мамандық бойынша маман даярлайтын білім ордасы және ғылыми-зерттеу орталығы болып отыр. Білім беру ісі Болон үдерісіне сәйкес жүргізіледі, оқытудың кредиттік жүйесі толық жолға қойылған, «бакалавр – магистр – PhD» түрінде үш сатылы мамандар дайындау қамтамасыз етілген. Жоғары білікті оқытушы-профессорлар құрамы, заманға сай жабдықталған «әл-Фараби» кітапханасы жастардың білім алу мүмкіндіктерін арттыра түседі.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде инновациялық даму мен халықаралық ынтымақтастық мәселелері өте жақсы жолға қойылған. Бүгінде университет 500-ден аса шетелдік белгілі университеттермен ынтымақтастық орнатқан. Олармен жасалған тиімді келісімшарттар негізінде студенттер академиялық ұтқырлық аясында бір семестр басқа елдерде білім алып қайтуына болады немесе шет елдерден келіп университетте білім алуына және шетел азаматтарына арналған дайындық факультетінде бір жылдай қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйреніп, содан соң университетте білімін жалғастыруға да болады.

Тамаша табиғат аясында «ҚазҰУ қалашығы» деген атпен бой көтерген оқу ғимараттары, жатақханалары, спорт кешендері студенттердің сапалы білім, саналы тәрбие алуына, олардың дені сау, қажыр-қайраты мол болуына зор ықпал етеді. ҚазҰУ қалашығында жабдықталған интернет орталығы, спортпен шұғылданатын кешендер, әртүрлі студенттік клубтар жұмыс істейтін Студенттер сарайы, ғылыми орталықтар орналасқан, сонымен қатар Ыстықкөлдің жағалауында студенттерге арналған спорт-сауықтыру демалыс орны бар.

Біздің университетімізде жастардың мәдени дамуын қолдап, рухани құндылықтарын байыта түсу үшін «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап», «Айналаңды нұрландыр!» сияқты әлеуметтік жобалар іске асырылуда. Студенттік өмірдің қызығын молайта түсетін «ҚазҰУ аруы», «Жігіт сұлтаны», «Студенттік көктем» сынды фестивальдарға білім алушылар белсенді түрде қатысып, өз өнерлерін сыннан өткізіп жатады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін таңдау, жоғары білімнің қара шаңырағынан сапалы білім алу – жарқын болашақтың кепілі.

Магистрант: Кеңесбек А. А.

Ғылыми жетекші: PhD докторы Жамбылқызы М.

0
0
514

Осы тақырып бойынша

ҚазҰУ – қазақ ғылымының қарашаңырағы - Yvision.kz