Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

ҚазҰУ-ға деген махаббат...

Алты жыл бұрын еліміздегі ең бірінші, қарашаңырағымыз – әл- Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенті атандым. Бұрынғы кездері үлкендер «өмірдегі ең қызықты шақтар – студенттік шақтар» десе түсінбейтін едік. Артыма үңіліп қарасам, шыныменде қызыққа толы қайнаған жастық шақтың қалай бір мезетте өткендігін де байқамаппын. Нағыз өмірлік достарды осы жерден таптым. Ұмытылмас кештер мен сәттер осы университетте болды. Өмірдегі ең ыстық сезімдер мен пейілдер, сыйластық пен құрмет – барлығын осы ҚазҰУ-дан алдым. Әрине, мұның барлығы менің университет белсенділерінің, яғни «қаймақтарының» қатарына қосылған кезімнен басталды.

Университет студенті атанған сәттен бастап, университеттің белсенділерінің қатарына кіруге асықтым. Олардың қатарына да ендім. Университетте болып жатқан барлық іс-шаралардан тыс қалмадым. Алға итермелеген мақсаттардың және де ҚазҰУ-ға деген махаббаттың арқасында, талай марапаттаулардың, шәкіртақылардың иегері атандым, ел көрдім, ер көрдім.

Осы сәтте, студенттік шағымдағы ерекше ықыласпен, ауыз толтырып айтқым келетіні «Сұңқар» студенттер кәсіподағы. «Сұңқар» студенттер кәсіподағы студенттердің әлеуметтік-экономикалық құқығын қорғайтын ұйым. Университеттегі талай игі бастамаларды жүзеге асырушы, өнегелі тұлғалардың ұстазы. Ең бастысы, иманды, еңбекқор, ыстық лебізге толы жалынды жастары бар.

Ал, осындай жастардың бірлігі еліміздегі жалғыз қала ішіндегі қалашық – ҚазҰУ қалашығында, оның сұлулығы мен көркемдігінде. Университет жанындағы сырқырап ағып жатқан Есентай өзені, университеттің пейзажына сұлулық беріп тұрған Алатау, ТМД елдеріндегі жалғыз үлкен ауқымды кітапхана, жаңа ғимараттар, ректорат, еліміздегі ең үздік оқытушылар, жалғыз 1600 орындық Студенттер сарайы – бәрі дербес студенттерге әр күн сайын стимул беріп тұратындай...

ҚазҰУ – 20 000 студенттің басын біріктіріп отырған мекен. Сыйластық пен шынайы достықтың мекені. ҚазҰУ – ғашықтардың мекені. ҚазҰУ –  адамның тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп, тұлғаның жан-жақты қабілетін ашып көрсетуіне мүмкіндік беретін мекен. Сол себепті де, мен өзімнің ҚазҰУ-да жүргендігімді өмірімдегі ең үлкен сәттілік деп санаймын.

Рахмет, саған ҚазҰУ-ым! Мерейтойыңмен, қарашаңырақ!

   

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Әлеуметтану мамандығының 2 курс магистранты

Тленчиева Шырын Муратқызы

 
0
0
990

Осы тақырып бойынша

ҚазҰУ-ға деген махаббат... - Yvision.kz