Айнадағы «менді» тәрбиелеу

Әрбір адам жарық дүние есігін ашып, «өмір» атты үлкен өзенге аяқ басады. Тіпті, ананың құрсағында жатқанда-ақ «тәрбие» атты кеме өмірдің тереңдігін түйсініп, өз жолыңды табуға септігін тигізеді. Халықта «ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда көмектесе алмайсың» деп бекерге айтылмаған. Өмірдің алғашқы баспалдағынан бастап әр адам отбасынан, қоғамнан, қоршаған ортадан тәрбие алады: жақсысын алып, жаманынан жиренеді.
Адамтану ғылымымен айналысатын ғалымдардың пайымдауынша, адамның мінезін, ой-өрісін, сана-сезімін қалыптастыратын үш жағдай бар екен: тұқымға тартушылық, қоршаған, өскен ортасы және өзін-өзі тәрбиелеу.
Адамның өзін-өзі тәрбиелеуі оңайлықпен қолға түспейді. Жеткіншек санасының оянуы, оның өзіндік «менін» сезіне бастауы Абай тілімен айтқанда, кісінің өзіне-өзі ұдайы есеп беруінен, өзін-өзі аңғара, байқай алу қабілетінен көрінеді.
Адамның өзін-өзі тәрбиелеуі жан мен тәнді үнемі шынықтырып, жаттықтырып отыруды тілейді. Өзіңнің жан дүниеңе терең үңіліп, дұрыс-бұрыстың аражігін ажыратудың өзі, меніңше, үлкен өнер. Сол өнерді игеріп, ерекше табандылық, шыдамдылық пен төзімділік таныта білген адамдар тарихта да көптеп кездеседі: ескі заманның аты шулы шешені Демосфен, америкалық соқыр, мылқау, керең Эллен Келлер, француз суретшісі Анри Ренуар, атақты композитор Бетховен, украин жазушысы Леся Украинка, керең, соқыр, мылқау ғалым Олеся Скороходова..тізе берсең мұндай тұлғалар жетерлік.
Сухомлинский: «Өзіңді-өзің бағындыруға, өзіңе-өзің билік көрсетуге кішкентайыңнан үйрен. Құлқың соқпаған, бірақ қажетті істі атқаруға өзіңді көндіре біл. Тиістіні тындыру – ерік, қайраттың бірінші қайнар бұлағы», – деген екен. Ал біз қазіргі қоғамда сол бұлақтың тамшысынан қаншалықты нәр алудамыз?!
Әр адамның жан дүниесі – ерекше сырлы, жұмбақ әлем. Біздің рухани байлығымызды жетілдіріп, бойымыздағы кемшіліктерден арылтатын ең күшті қару да тек адамның өз ерік-жігері екені сөзсіз.
Әдетте, өзін-өзі тәрбиелеуді көбіне ұнамсыз жайды сезініп, сонымен күресуден бастайды. Біреуі – бойындағы берекесіздіктен, екіншісі – дөрекіліктен, үшіншілер – бойындағы тұйықтықтан, ұялшақтықтан арылғысы келеді. Бұл тізімді жалғастыра берсек, шегіне жетуіміз екіталай сияқты.
Өзіңді тәрбиелеу үшін алдымен мақсат қойып, күш-жігер жұмсап, өзіңді-өзің бақылап, өз ісімізге талдау жасап отырғанымыз абзал. Ал психолог мамандар өз кезегінде өзін-өзі тәрбиелеудің бірнеше әдістерін көрсеткен. Олар – өзін-өзі сендіру, тексеру, жазалау. Осы мәселе төңірегінде М.Жұмабаев: «Адамның өзін-өзі тексеруі оның жан тұрмысының өркендеуіне, түзу жолға түсуіне бірінші шарт», – деп те айтып өткен екен.
Ғылым әдіс-тәсілдерді зерттеп көрсеткенімен, әр адам өз ыңғайына қарай жүгінеді. Тіпті, көре білген, түсіне білген адамға кез-келген оқиға сабақ болып, тәрбие беретініне ешкім күман келтіре қоймас.
Өмірде кемшіліксіз адам жоқ! Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Алайда, өз кем-кетігіне басқаларды кәналап, алдында таңдау тұрса да, «тағдырға» өкпе артатындар баршылық. Қадыр Мырза Али «Берерің болмаса да, беделің болсын»» деген екен. Ал оған талпыну да, жету де өзіміздің қолымызда. өзің жақсы болсаң, жалғыз бола қоймассың. Құдай бізді «жақсы», «жаман» қылып емес, «адам» қылып жаратқанын ұмытпағанымыз абзал! Адамның таңдаған жолы ұлы болмайды, оны ұлы ету де тек адамның өз қолында екенін естен шығармай, жақсы-жаман қасиеттерімізді таразылай білгеніміз жөн.
Гүлнұр Қуанышбекқызы
