Аяулы менің анашым
Сағынып үйге барғанымда алыстан танып, сүрініп-қабынып алдымнан шығатын аяулы анашымның әжім түсе бастаған жүзіне, мейірімге толы көздеріне көзім түскен кезде, жұдырықтай жүрегім тулап, жанарымнан ыстық жас ыршып түседі. Әрқайсысымыздың көңілімізді тауып, қатемізді қашан да кешіретін, тамақ пен шайын асыға дайындап бәйек болатын анашымның пейілі не деген дархан. Бір нәрсеміз табылмай қалса, бар ісін тастай салып бірге іздей кетеді. Жан-жақтағы балаларының хабарын біле алмай қалса, күні-түні ойланып ұзақ мазасызданады. Үйге келгенде бойымыздағы өзгерісті дереу байқап қалып, қабағың ашылғанша жаны жай таппайтын анашымның қалай ғана шаршамайтынына кейде таң қаламын. Сәби кезімізде сүйкімді болсақ та, есейе келе еркелікпен, білместікпен анамызды ренжітіп те жатамыз. Осындай кездері анамның жүзін мұң басса тұла бойым, жан дүнием біртүрлі күйге енеді. Әлі есімде, бала кезімде мектепте ақ көйлек киіп би билейтін болдық. Анам базардан аппақ көйлек сатып алды, қысқартатын жерін қысқартып, ұзартатын жерін ұзартып мейрамға бір күн қалғанда көйлегімді дайындап қойды. Ертесі күні дайындыққа ақ көйлекті киіп барамын деп қоймай қойдым. Анамның дайындыққа көйлекті алып барудың қажеті жоқ дегеніне қарамастан, қояр да қоймай көйлекті алып кеттім. Мектепке барғанда әдемі көйлегіммен біраз мақтанғым келді ма, аппақ көйлекті киіп алып мектептің айналасында ары бері жүгіріп ойнадым. Күз мезгілі болатын. Жер балшық. Содан аяғым тайып жиналып қалған жаңбыр суының үстіне құладым. Анама не деймін, ертең не киемін деген қорқынышпен кешкісін үйге бардым. Анам қап қара болған көйлегімнің ертеңге дейін кеппейтінін айтқан кезде мен көйлексіз билей алмаймын ғой деп жылап жылап ақыры ұйықтап қалдым. Ертесі күні ұйқымнан тұрсам тап-таза кепкен, үтіктелген көйлек ілініп тұр. Қатты қуандым. Менің қуанғанымды көріп сіз де қуандыңыз. Сол кезде мүмкін түсінбеген шығармын, қазір қарап отырсам жабыққан, сүрінген сәттерде әрқашан жаныңнан табылып, қолтығыңнан демеп, жұбатып, үлкен армандарға жетелейтін, нұрға толы жүрегімен үмітіңді келер күнге жалғайтын ол -ана екен...
Аяулы менің анашым! Сіз мен үшін мына жұмыр жер бетіндегі еш нәрсемен теңесе алмайтын қымбат қазынасыз. Өзіңізге деген махаббатым, еш уақытта сөнбейтін жұлдыз сияқты қызуы мол сәуле шашып жақсылыққа бастап тұратын ең аяулы да ізгі сезімдерім дер едім. Сіз өз жастық шағыңызды, өміріңізді біздің болашағымызға арнадыңыз, біз оқып, қатарымыздан қалмау үшін аянбай еңбек еттіңіз. Болашағыма бақыт тілеп қорғау, сүйеу болған, ақыл айтқан кездеріңіз борыш жүгін ауырлата түседі. Өзіңіздің алдыңыздағы перзенттік парызымды былай қойғанда, бір сәт ойланып-толғанған ыстық ықыласыңызды қалай етсем өтей аламын?! Уақыт ағымына тәуелді жылжып өтіп жатқан жылдар мен үшін дүниедегі ыстық та сұлу асыл бейнеңізге әжім түсірсе де, қабағыңызға көлеңке, жаныңызға мұң көңіліңізге қаяу түсірмесе екен деймін. Еш уақытта жамандық көрмей өміріңіз қуанышты сәттерге толы болса екен. Ана деген құдіретті есіміңіз ешқашан өшпей, қажымай, талмай, әкемізбен бірге ұзақ ғұмыр кешсеңіздер, біз үшін ол үлкен бақыт.
