ru
Default banner
Разное
426 450 жазбалар45 тіркелуші
Всяко-разно
0

Ауызбіршілігіміз бен азаматтығымыз сыналған күндер

Алай-дүлей боран аяқ астынан басталды. Алдында күн жылына түсіп, өткен жылдың желтоқсан айында жауған қордан қалған қырбық қарды да мына күн ерітіп, көктемнің күніндей жаймашуақ болып тұр деп жұрт бірсыпыра киімін де шеше бастаған. Алайда кешкісін апақ-сапақ басталған қардың арты нағыз долы бұрқасынға айналды. Үйір соққан ақ дүлей боранның орасан болғаны соншалық көрші үйге жете алмайтындай жағдай орнады. Электр желілері үзіліп, аудан орталығын ауылдар мен елді мекендер, жарықсыз қалды. Жарық сөнген соң ауыз су мәселесі белең алды. Жұрттың бәрі үйлерін ортақ қазандықпен жылитын пешке ауыстырғандықтан, бұрынғыдай бір шелек, екі шелек көмір салып қойып, бір бөлмеде отыра беретін заман өткен. Ал бұрқ-сарқ етіп қара пеш қайнағанда жаныңды қоярға жер таппайсың. Үрпиіскен отбасы мүшелері түгелімен бір бөлмеге жиылып, арқыраған дүлей боранның саябырсуын күтті. Интернет, ұялы телефон, ватцап, фейсбук дегенді армандамай –ақ қойыңыз. Екі күнге созылған ақ түтек дүлей боран сақылдай соғып, біресе таудан, біресе құмнан, солтүстік, оңтүстіктен бүйірлей соғып мал жанның есін шығарды. Осы күндері аудан әкімінің жанынан төтенше жағдайға байланысты штаб құрылды. 23 қаңтар күні таңғы 7-00-ден аудан әкімдігінің штабта аудан әкімінің орынбасары Бағдат Айдарбеков жан-жақпен, ауылдар мен елді мекен, облыс арасындағы жағдайды бақылап, үйлестіріп отырды. Аудан әкімінің орынбасары Ақәділ Сатыбалды тікелей қажетті нүктелерде болды. «Одаман» асуында «40 шақты жолаушылар ары бері өте алмай жолда қалыпты» деген штабқа шұғыл ақпарат түсті. Облыстың төтенше жағдай департаменті қызметкерлері, аудан әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дулат Байзақ, Шолаққорған ауылының әкімі Елібаев Әділ сияқты азаматтар жолаушылармен бірге болды.

Сондай-ақ өзінің жеке меншік анкадор техникасымен, жол таңдамайтын ЖИП автокөлігімен көмекке келген кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты Базарбай Нұрлановтың азаматтығын айрықша атап өткіміз келеді. Биылғы депутаттық корпустың жаңа мүшесі де өзгелердей жолда қалған азаматтарды құтқару ісінің ортасынан табылды. «Жас келсе іске» деген де осы болар. Құтқару штабының құрамында белсенді жұмыс жасаған азаматтар қатарында Нұрланов Базарбайдың ерен ерлігін ерекше атап өткеніміз жөн болар. «Халықтар достығы университетін» инженер-технолог мамандығы бойынша бітірген Базарбай жеке кәсіпкерлікпен айналысады. «BN Reitind» ЖШС директоры. 1998-2000 жылдар аралығында ҚР Ішкі әскер қатарында отан алдындағы борышын абыройымен өтеп келген. Шолаққорған ауылындағы «Нұрлан ата» құрылыс заттар дүкенінің басшысы. Базарбай жеке кәсіпкерлікпен қатар өңіріміздегі сауапты істерді жанына серік еткен меценат азаматтардың бірі. Аудан көлемінде өтетін турлы бұқаралық шараларға, білім ордаларында, қоғамдық ұйымдарда ұйымдастырылатын акциялар, өнер, спорттық шараларға үнемі демеушілік танытып отырды. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған ауылдастыран көмек қолын созу, моральдық материалдық көмектер көрсету өмірлік дағдысына айналған. Осындай атқарған келелі істерін ескере отырып, оған әр жылдары Созақ ауданы әкімінің, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының, 2019 жылы «Жаннатул Фирдауси» қайырымдылық қоры директорының, Ы.Алтынсарин, Т.Әлімқұлов, Қ.Рүстемов атындағы жалпы орта мектеп директорларының құрмет грамоталарымен марапатталған. Еліміздегі пандемия жағдайында қалыптасқан қиындықтар кезеңінде де алғашқылардың бірі болып бірнеше жасанды тыныс алу құрылғыларын Созақ аудандық және Таукент кенті ауруханаларына сыйға тартып ел алғысына бөленді. Ол Қазақстан Халқы Ассамблеясының атынан «Мейірім» төсбелгісін табыстады және кіші отанында кең ауқымды қайырымдылық қызметтерді атқарғаны үшін «Жыл тұлғасы» номинациясымен марапатталған. «Nur Otan» партиясының белсенді мүшесі. Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебі қамқоршылық кеңесінің төрағасы.

Құтқару кезінде аудандық полиция бөлімінің МАИ қызметкері Нұрәділ Ерманов, Жартытөбе ауылдық учаскелік полиция Марат Тукусов, аудандық жол бөлімінің бастығы Әліпбек Сөлтековтің ауыл, кент әкімдерінің, Шолаққорған ауылының ішкі көшелерін тазалауда қыруар жұмыс жасаған Берік Әлтековтің, екі тәулікке созылған боранда қас қақпай қызмет жасап, 24 қаңтар күні кешкі 18-30-ға дейін командасымен бірге мобилді жұмыс жасап бүкіл ауданды 100% электр жарығымен қамтамасыз еткен электр жүйелері мекемесінің басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Ғабит Жүсіпке аудан жұртшылығы атынан зор алғыс айтамыз. Міне, осындай азаматтарды әрдайым кейінгі жастар үлгі тқтуы керек-ақ.

Осы күні айы-күні жетіп отырған босанғалы отырған қаратаулық келіншек жолға шығып кеткен. Екі қабат келіншек мінген автокөлік Қарағұр ауылына жетпей бұзылады. Дереу бұл хабарды есіткен Қарағұр ауылының әкімі жеңіл автокөлігімен жас ананы Қарағұр ауылына әкеліп босандырып алады. Алайда жас ананы шұғыл Созақ ауылындағы емханаға жеткізуі тиіс болатын. Содан Ордабек Жәмиев жас ананы Созақ ауылына жеткізеді. Ол жерде дәрігерлік көмек көрсетіліп Созақ ауылының әкімі Батыр Аяпов аудан орталығындағы орталық перзентханаға аман сау жеткізеді. Сөйтіп боранды күні Созақ өңірінде бір батыр Боранбай дүниеге келеді. Тура осы күні Қарабұлақ елді мекенінде де бір келіншектің аяқ асты толғағы қысып, табиғаттың дүлей күші мен ақ түтек боранға қарамастан орталық перзентханаға аман-есен жеткізіліп батыр қыз Боранкүл дүниеге келеді. Жалпы осы боранды күндері бойларындағы барлық жүйкелері мен ахуалын ақылдары мен сабырларына жеңдіріп, ауыз біршілік танытқан, елдегі болып жатқан жағдайға түсіністікпен қараған барша аудан жұртшылығына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Сонымен қатар, жолда қалып кеткен жолаушыларды құтқару кезінде шолаққорғандық еріктілер Құрбанқұлов Әкім, облыстық мұнай айдау стансасының облыстағы басшысы Бағлан Айқожаұлы, Шолаққорған мұнай айдау стансасының бастығы Ермек Лесбекұлы, стансаның көлік жүргізушілері Ахметов Ескермес, Сапарбеков Бақытжан, анкадор жүргізушілері Абилов Роллан, Сәтмаханбетов Еркебұлан, аудандық мәслихаттың аппарат басшысы Еркеғали Аманғали сияқты азаматтардың қарапайым өмірдегі ерен ерлігі осылай дәріптелуі тиіс. Осылай ауданымызда астан-кестен еткен, мал мен жанды әбіржітіп тығырыққа тіреген боран да, жел де, ақ түтек дүлей де басылды. «Күннің жаманы кетеді....» деген мақал тегін айтылмаса керек. Сабыр мен салқынқандылықты серік еткен созақтықтар әлі де талай борандар мен бұрқасындарды бастан өткерер ең бастысы ауыз біршілігіміз сарқылмасын.

Мақсат ҚАРҒАБАЙ.