Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Ауылдық округына сапар

Солтүстік Қазақстан облыстық комитеті 18 қаңтар күні жұмыс сапарымен Аққайын ауданының Ленинск ауылында болды.  Партиялықтар ауыл әкімімен, «Ностальжи» шығармашылық ұжымымен кездесті.

390 үйі бар Ленинск ауылында 1158 адам тұрады.  «Дастархан» және «Қызылжар» деген екі кафе, жиһаз жасап шығаратын «Тлеубаев» ЖК және халыққа отын дайындап сатумен айналысатын «Айтбаев» ЖК жұмыс істейді.

Күндізгі стационарға арналған 10 төсек-орны бар дәрігерлік амбулатория бар. Ол Аралағаш, Рублевка, Амангелді, Дайындық ауылдарын қосқанда жалпы 3 мың адамға қызмет көрсетеді. Амбулатория заманауи құралдармен жабдықталған. ЭКГ, тіс кабинеті, физиокабинет жұмыс жасайды. Амбулаторияда жалпы тәжірибелі дәрігер, акушер, тіс дәрігері, фармацевт, лаборант және басқа да мамандар жұмыс істейді.  Амбулаторияда жедел жәрдем көрсету көлігі бар. Мекемеде дәріхана жұмыс істейді.   Сонымен қатар халықты қажетті заттар мен азық-түлікпен қамтып отырған 9 дүкен бар. Округта мектеп, дәрігерлік амбулатория, дәріхана, Мәдениет үйі, кітапхана, «Сәрсекеев» ЖК наубайханасы, «Оқжетпес» сауықтыру лагері, «Ростан» ЖШС май зауыты бар.

Ауыл округінің әкімшілік ғимаратында «Қазпошта» АҚ мен АТС, учаскелік инспектордың аймақтық  пункті орналасқан. Жолаушылар тасымалын қамтамасыз ету мақсатында аудандық автобус маршруты іске қойылған. Тұрмыстық газбен «РОСА» ЖШС қамтамасыз етеді.

Өткен жылы «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша әр үйге су тартылған. «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы негізінде стадионда жөндеу жұмыстары жүргізілген.

2015 жылдың жазында Геннадий Зенченконың бастамасымен пролетариат көсемі В.Лениннің ескерткіші қалпына келтірілген. Марқұм Геннадий Иванович өзінің еңбек жолын осы Ленинск ауылында бастаған. Талай рет ауылға қаржылай көмек көрсеткен. Ленинск ауылында Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналған мемориалды кешен және алғашқы тың игерушілердің ескерткіші де күрделі жөндеу жұмыстарынан өткен. Қызыл жұлдыз ауылында Қаза болған батырлар ескерткішіне де жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Жұмыс сапарын  қорытындылай келе, мұндай кездесулердің маңызын айта кеткен абзал. Ауыл тұрғындарының шынайы тұрмыс-тіршілігін көзбен көріп, мәселелерін толыққанды саралап, ауыл округтерімен жұмыс жасаудың оңтайлы жолын құрастыруға  үлкен мүмкіндік туады.

2
0
779

Осы тақырып бойынша

Ауылдық округына сапар - Yvision.kz