Атыраудағы павлодарлықтардың алғашқы күні
Атыраудағы Павлодарлықтардың алғашқы күні
Сәлеметсіздер ме, құрметті оқырмандар! Сіздердің назарларыңызға Павлодар қаласының химия-биология бағытын ұстанған Назарбаев зияткерлік мектебінің "Оқжетпес" шаңырағының Атырауға саяхатының ең алғашқы күнін ұсынамыз.
Таң атысымен біз, қазақ елінің мәдени мұрасы, Сарайшық жеріне аттандық. Молдаш Сәрсенғалиұлы осы киелі жерді өзі зерттеп, жылдар бойы жаңалықтар ашыпты. Ал бүгін ол осы білімімен бізбен бөлісуге қуанышпен келісті.
Сарайшықта салтанатты сәулетті сарайлар, керуен-сарайлар, моншалар, мешіт-медреселер және басқа да ғаламат ғимараттар салынған. Оларды атақты сәулет өнері мектептерінен өткен дарынды шеберлер тұрғызған қаланың өте тамаша жобаланып салынған түзу де кең көшелері мен алаңдары болған. Қаланың келбетінен шығыстың әсері айрықша байқалды. Керуен саудасынан келетін түсім, әскери олжа, жергілікті халық төлейтін салық және аса мол арзан еңбек күшінің есебінен Сарайшық қаласы тез өсті.

Ел ішінде Жәнібек ханның өзі салдырған Сарайшық қаласының іргесіндегі әйгілі “Секер көлі” туралы деректі әңгіме көп. Секер көлдің орны қазіргі Сарайшық ауылының орнында қалып қойған. –Көлге аққулар үнемі қонып жүрсін деп Жәнібек хан арнайы секер төктіріп қояды екен. Бұл көл “Жәнібек ханның аққу көлі”, “Сарайшықтың аққу көлі”, “Аққу көлі” аталыпты. Хан қызы өзінің құрбыларымен бірге Әкесі жасатып берген аққу мүсінді алтын қайығымен құстарға жем беріп, кісіден үрікпеуге үйретеді. Құс атаулы жаз бойы Секер көлде еркін жүзіп жүреді екен. Жәнібек ханның сол қызы ұзатылғалы жатқанда, 15 жасқа қараған шағында ауырып, кенеттен қайтыс болады. Хан қызын алтын табытпен, барлық жасауымен, алтын қайығымен қоса жерлеуге Әмір етіпті. “Қызыңыздың осынша байлықпен қоса жерленгенін білген бір қатыгез моланы ашып, байлықты тонап кетсе, жалғызыңыздың мүрдесі айдалада қалар. Сондықтан қызыңыздың денесін жасырын жерлеңіз” деп ақыл айтқандар болыпты. Осы кеңеске құлақ асқан Жәнібек хан жеті кісіні шақырып, құпия тапсырма беріпті. Қабір қазылып, түнде қызы жерленген соң, әлгі жеті кісі де сол бойда өлтіріледі. Ал қызының қабірін ешкім білмесін, ашпасын деген пиғылмен жас қабірдің үстінен түнімен бірнеше үйір жылқыны өткізіпті. Ат тұяғынан тып-типыл болып тегістелген жерден ертеңіне ханның өзі де қызының моласын таба алмапты, — деседі аңызда.

