Атырауда Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының бастығы басқарған ұйымдасқан қылмыстық топ 250 млн.теңгеден астам бюджет қаражатын ұрлаған
Бұрын біз Атырау облысы бойынша Қаржы полициясы департаменті Атырау облысының Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының бастығы Жанкеевке және «Атырау» облыстық волейбол командасының басшылығына қатысты бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша қылмыстық із тергеп жатқандығы туралы хабарлаған болатынбыз.
Атырау облысының Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының бастығы Жанкеев (Берік), «Атырау» облыстық волейбол командасының директоры Мұханбетжанов (Жеңісбек), команданың бухгалтеры Харькина (Светлана) және команданың бас тренеры Запевалов (Александр) 2008-2012 жылдары команданың оқу-жаттығу жиындардың шетелдік іс-сапарларына бөлінген 253 млн.теңге бюджет қаражатын ұрлағандығы тергеумен анықталды.
2013 жылғы 25 мамырда Жанкеев пен оның сыбайластарына қатысты ұйымдасқан қылмыстық топты құру және оның қызметіне қатысу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бүгінгі күні волейбол командасының директоры Мұханбетжанов және команданың тренеры Запевалов қамауда, Жанкеев тергеу органдарынан жасырынып жүр. Оны іздеуге жариялау жөнінде мәселе шешілуде.
Ағымдағы жылғы 27 сәуірде Батыс Қазақстан облысы бойынша қаржы полициясы департаментінің қызметкерлері облыстық туризм және спорт басқармасының бастығы М.Ондағановты қамауға алды. Ол «Ақжайық» хоккей клубы мүшелерінің іс-сапарына бөлінген 17 млн.теңгеден астам бюджет қаражатын ұрлады деп айыпталуда.
2013 жылғы 13 мамырда Ондағановқа қатысты қылмыстық істер одан әрі тергеу үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеушісі басқаратын ведомствоаралық тергеу тобына тапсырылды.
Алматы қаласының Қаржы полициясы департаменті «Алматы» әйелдер волейбол командасының директоры С.Нұрпеисоваға қатысты команданың 2009-2010 жылдары оқу-жаттығу жиындарын өткізуге бөлінген 10 млн.теңгеден астам бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша қылмыстық істі қозғап, оны тергеген.
Сот қарауы барысында Нұрпеисова айыбын түгел мойындап, келтірілген залалды толық мөлшерде өтеді. Ол шартты түрде 3 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды.
Оған қоса Алматы қаласы бойынша Қаржы полициясы департаменті Алматы қаласының велосипед спортын дамыту бойынша спорттық клубтың директоры В.Осиповқа қатысты қылмыстық істі тергеуде. Ол қызметтік жалғандық жасау арқылы Қырғызстан Республикасындағы Чолпан-Ата қаласында 12 спортшы мен 2 тренердің оқу-жаттығу жиындарын өткізуге бөлінген 1,5 млн.теңгеден астам ақшаны ұрлаған деп күдіктенуде.
