ru
Default banner
Разное
426 450 жазбалар45 тіркелуші
Всяко-разно
0

Атырау облысында 2017 жылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 6,8 мыңнан астам адамды қамту жоспарлануда

Тамара Дүйсенова

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру аясында, Атырау облысында жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 6,8 мыңнан астам адамды қамту көзделуде. Бұл туралы, бүгін, облыс әкімдігінде өткен аталған бағдарламаны жүзеге асыру, алдағы зейнетақылар мен жәрдемақыларды өсіру және атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілін енгізу мәселелері жөнінде семинар-кеңесте, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты.

Шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, қалалар мен аудандар және ауылдық округтер әкімдері, «Нұр Отан» партиясы мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, мемлекеттік органдар өкілдері, жұмыспен қамту және халыққа қызмет көрсету орталықтары басшылары, тағы да басқа тараптар қатысты.

ҚР ЕХӘҚМ басшысы, өз сөзінің басында, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап, елімізде сұранысқа ие кәсіптерге және кәсіпкерлік негіздеріне жаппай оқыту және дағдыларды үйрету, несиелендіру арқылы жаппай кәсіпкерлікке жағдай жасау, жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу мен еңбекке жұмылдыруды қолдау арқылы еңбек нарығын дамыту мұрат етілетін Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын (әрі қарай – бағдарлама) жүзеге асыру қолға алынғанын еске салды.

«Бағдарламаның алғашқы бағыты аясында 2,5 жыл оқу мерзімімен колледждер ауқымында тегін кәсіби-техникалық білім беру ұйымдастырылып, бұл жерде бәрінен бұрын, мектепті аяқтаған соң оқу орнына түспеген жастар назарға алынады. Биыл техникалық және кәсіби оқуға 21 мыңнан астам жас қазақстандық ілігеді. Мемлекет, оқуға кететін шығындарды толық жауып, шәкіртақы төлейтін болады. Жол мен тұру қаражаты да өтеліп, техникалық және кәсіби білім беру нысандарында оқитындарға бір реттік ыстық ас беріледі», - деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Сонымен қатар, колледждер, «Атамекен» ҰКП оқу орталықтары және кәсіпорындардың оқу орталықтары аясында кәсіби оқытуға арналған қысқа мерзімді курстар өткізілмек (1-ден 6 айға дейін).

Алыс ауылдық жерлерде тұратын азаматтарға сабақтардың қолжетімді болуы үшін, мобильді оқу орталықтары ұйымдастырылмақ: Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Қостанай облыстарында арнайы дәрісханалары бар жылжымалы кешендер түрінде; шалғай ауылдық жерлердегі аз сыйымдылықтағы мектептер ауқымында; жұмыс берушілер мүмкіндігін пайдаланған сипатта.

Тамара Дүйсенова, Бағдарлама қатысушыларына несие, қалалық жерлерде «Даму» қоры арқылы, ауылда және шағын қалаларды Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры мен Аграрлық несие корпорациясы арқылы берілетінін хабарлады. Несие сомасы 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін өскен (18 млн теңгеге дейін) және мерзімі 5 жылға дейін (мал маруашылығы мен ауылшаруашылық кооперативтеріне – 7 жылға дейін). Жылдық мөлшерлемесі – 6% шамасында. Осымен бірге, несие беру кезінде Аграрлық несиелік корпорациясы арқылы несиелерді кепілдендіру тетігі енгізілген: бастауыш кәсіпкерлерге 85% және кәсібі қызмет етіп тұрған бизнес иелеріне 50% маңайында.

Бағдарламаның үшінші бағытында жекелеген азаматтар санатын жұмысқа орналастыруда нақты қолдауды күшейту, еңбек ресурстарын жұмылдыруды көтеру және еңбек нарығының инфрақұрылымын дамыту мақсат тұтылуда.

«Біз, жастар тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындары және қоғамдық жұмыстар тәрізді жастар мен әйелдер және мүмкіндігі шектеулі жандар арасында сұранысқа ие құралдарды қолдануды жалғастыратын боламыз. Еңбек ресурстарын жұмылдыруды арттыру мақсатында, ҚР Үкіметі анықтаған өңірлерге ерікті түрде қоныс аударатын азаматтарды мемлекеттік қолдау межеленуде. Анығырақ тоқталсақ, оларға, жол мен жүк тасу шығындарын өтеуге арналған және бастапқы бейімдеу қаражаты беріледі. Биыл 2,7 мың азаматтың қоныс аударуына субсидия төленеді», - деп ақпараттандырды министр.

Осы жылы бағдарламаны жүзеге асыруға арналған бюджет қаржысы 85,3 млрд теңгені құраса, оның ішінде 2,5 млрд теңге Атырау облысына бөлінген.

«Өңірде бағдарламаны жүзеге асыру аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 6,8 мыңнан астам адамды қамту жоспарланып отыр», - деп түйіндеді Тамара Дүйсенова.