Аттила туралы ақиқат әлі толық ашылған жоқ
![]()
1. Аттила – б.з.б. ІІІ-І ғасырларда Азияны дүр сілкіндіріп, ұлы Қытайды жеңген хұн-түркілердің ұрпағы. Ғұн державасы ыдырағанда халқы төртке бөлінді. Бір бөлігі сәнбилерге бағынып, қазіргі Моңғолия даласында қалды. Шығыс бөлімі қытайларға кірме болып кетті. Үшінші бір бөлімі Хазар (Каспий) теңізіне дейін шегініп, Арал мен ¬Каспий аралығын мекендеп қалды. Төртінші тобы Алтайдан шығып, батысқа бет бұрады. Жолында көлденең тұрған жауларына дес бермей соғыса жүріп Еділ, Жайыққа келіп тұрақтайды. Аттила – осы топтан шыққан әйгілі тұлға. Еділге жетіп тұрақтаған бұл топ 200 жыл емін-еркін өмір сүрген. Аттила – 360 жылдары аландармен болған шайқастарда ерлігімен танылған Баламир ханның бесінші ұрпағы. Баламир ханның ұлы Жұлдыз хан, одан Қаратон хан, одан Мәншүк хан. Аттила 410 жылы дүниеге келген Мәншүк ханның бес ұлының бірі. Аты Еділ дариясымен байланысты. Аттила заманы тарихшыларының жазуы бойынша, ол орта бойлы, шымыр денелі, отты көзді, қайсар мінезді, көреген, батыр адам болған. Аттила 434 жылы хан тағына отырады. Ол билеген уақыт еуропалық хұн мемлекетінің шарықтау кезеңі болды. Дон-Днестрден Дунайға дейінгі Ұлы дала жұртын бағындырып, Шығыс Рим державасымен қанаттас жүреді. Ел ордасын Паннонияға көшіреді. Римді екі мәрте шабады. 447 жылы Константинопольге шабуыл жасап, жеңіске жетіп, «Анатоли шарты» арқылы римдіктерден алтыннан алым-салық алып тұрады. Бірақ 451 жылы Каталаун даласында Батыс Рим және оның одақтастарының біріккен қолымен болған ұлы шайқаста шегінуге мәжбүр болған. 453 жылы Аттила дүние салғаннан кейін еуропалық хұн мемлекеті әлсірейді. Алайда бүгінге дейін еуропалықтар арасында Аттиланың аты аталғанда «жылаған бала уанатын» күйге жететінін айтып отырған. Өкініштісі, арада 16 ғасыр өтсе де, нағыз аты аңызға айналған тұлға болса да, Аттила туралы ақиқат толық ашылған жоқ. (жалғасы мұнда: mtdi.kz)
