Атом энергетикасын дамытудың болашағы қандай?

Әлемге жасыл технология, блашақтың энергиясы тақырыптары бойынша «EXPO-2017» көрмесін өткізу арқылы тағы бір мәрте танылған Қазақстан әзірге баламалы энергия көздерін толық пайдаланатын мемлекеттер санатынан емес. Алайда, елімізде бұл бағытта алғашқы жұмыстардың жүргізіліп жатыр. Осы ретте баламалы энергия туралы сөз қозғамас бұрын атом энергетикасы саласындағы ахуалға шолу жасап көрсек...
Әлемде бірнеше мемлекетте жаппай қырып-жоятын қару бар. Ал, ол өз кезегінде ғаламдық тыныштыққа көлеңке түсірмей қоймайды. Кеңестер Одағы күйрегеннен кейін Қазақстан ядролық қаруы бар мемлекеттер қатарынан саналды. Алайда, қашан да бейбітшіл қазақ елінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «ажал ошағы» - Семей ядролық полигонын жабу туралы шешім қабылдағанын әлем халқы жақсы біледі. Өйткені, дәл осы тарихи шешім миллиондаған адамдардың тағдырын шешкенмен бірдей болатын.
Кеңес үкіметі тұсында Қазақстанда 500-ге жуық ядролық жарылыстар орын алды. Қазақ жерін жарылыс алаңына айналдыра отырып, кеңестік Мәскеу АҚШ-пен қырғиқабақ соғыс жүргізді. Біз үшін саяси ерегістен кімнің ұтып, кімнің жеңілгені мақсат емес, ең жаманы, қазақ халқы тартқан азап бүгінге дейін өз ізін жойған жоқ. Бүгінде әлемнің оншақты мемлекетінде ядролық қарудың барын ескерсек, ғаламдық қауіпсіздіктің діңгегі берік деп айта алмаймыз.
Дей тұрғанмен, әлемнің 187 мемлекеті 1970 жылы ядролық қаруды таратпай жөніндегі уағдаластық жасады. Осы құжат негізінде аталмыш келісімге мүше мемлекеттер әрбір бес жыл сайын бас қосып, ғаламдық қауіпсіздік мәселелерін талқыға салады. Келісімге сәйкес ядролық қаруы бар әрбір мүше-мемлекет осы қаруды өзге мемлекетке беруге немесе ядролық қаруы жоқ елдің осы қаруды шығару өндірісіне көмек көрсетуіне қарсы тұруға міндеттенеді. Тиісінше осы келіміге мүше ядролық қаруы жоқ әрбір мемлекет ядролық қару ды алмауға және оны өндірумен айналыспауға міндетті болып саналады.
ХХІ ғасыр ғаламдық тұрақтылықтың қабырғасын қайыстырып отырған ядролық терроризммен күресті күшейтуді талап етіп отыр. «Жау жоқ деме, жар астында» деп ата-бабамыз айтып кеткендей, бүгінде қауіптің бұл түрінен секем алатын жайымыз бар. Өйткені, кей мемлекеттер соңғы кездері ядролық қару жасауға және оны сынауға батыл кірісуде. Батыс ақпарат құралдары бұлардың қатарына Солтүстік Корея мен Иранды жатқызып отыр.
«ХХІ ғасыр – атом индустриясының ғасыры» дегенді жиі естиміз. Аты қорқынышты индустрияны дамытуға бүгінде әлемнің біршама елдері білек сыбана кірісуде. Әлемдік қауіпсіздікке күдік тудыратын осы индустрияны қолға алу салдарынан бүгінде Иран мен АҚШ, Солтүстік Корея мен Қытай арасында қырғиқабақ соғыстың жүріп жатқаны белгілі.
Қазақстан тәуелсіздігін алысымен-ақ ерікті түрде ядролық қаруды пайдаланудан бас тартып, өзінде бар уранның бай қорын бейбіт мақсатта пайдаланатындығынан әлемдік қауымдастықты хабардар еткен болатын.
1945 жылдан 1990 жылға дейінгі стратегиялық маңызға ие уран өндіретін кен орындары туралы шынайы ақпарат алу мүмкін емес, яғни жабық тақырып саналып келді. Сондықтан да, баспасөз бетінде жарық көрген материалдардағы деректер бір-біріне қайшы келіп жатты.
Бүгінде Қазақстан уран қоры жөнінен әлемде екінші орын алады. Алайда, оның әлеуетін толық пайдаланып отырмыз ба? Мәселе осында болса керек. Мәселен, жер көлемі Қазақстан аумағынан 5 есеге кіші Францияда жалпы электр қуатының 78 пайызы осы атом электр стансалары арқылы өндіріледі екен.
Қазіргі уақытта атом энергиясы әлемдік экономиканы дамытуда барған сайын маңызды рөлге ие бола түсуде. Алдымызға қойылған және бүгінгі таңда жүзеге асырылып жатқан міндеттер мен жоспарларға сәйкес Қазақстан үшін бұл саланың маңызы мұнай мен газ саласымен бірдей болады деп күтілуде.
Бүгінгі таңда еліміздің бірқатар аймақтары электр және жылу энергиясының тапшылығын айқын сезуде. Мамандар бұл олқылықтың орнын атом энергиясын пайдалану арқылы шешуге болатындығын әлдеқашан-ақ айқан-ды. Алайда, атом стансасын салу мәселесіне еліміздің ғылыми-кадрлық әлеуетінің әлі де дайын еместігі ескеріліп, мәселе бірталай жыл кейінге шегеріліп келеді. Әзірше, еліміз әлемдік нарыққа қуат көздері бойынша уранмен қоса, қара алтын шығарып келеді.
Бүгінде еліміз осы саладағы кешенді жұмыстың алғашқы баспалдағында тұрғандығы жасырын емес. Оған қоса, атом өнеркәсібі саласының ғаламдық қауіпсіздікпен қатысы бар екендігін ескерсек, онда біздің уран өндіруімізге сырттан көз салып, бақылап отырғандардың баршылық екендігі белгілі. Ең бастысы, өз қазынамызды ысырап қылмай, қуатты энергия көзін қауіпсіз әрі тиімді пайдалана білуді аталған саланың шенеуніктері ескерсе болғаны...
Айдос Садуақасов,
журналист
