Астық биыл мол болады-ау!..
Биыл «Қазгидромет» егінші қауымды қуантып отыр. «Жалпы, үстіміздегі жылы Қазақстанның барлық өңірлерінде көктемгі дала жұмыстарын жүргізу кезеңінде топырақтың ылғал қоры негізінен, қанағаттанарлық және оңтайлы деңгейде болады!» деді «Қазгидрометтің» Агрометеорологиялық болжау басқармасының басшысы Ерболат Мұқанов.
Рас, осы синоптиктердің болжамынша, мамыр айында Павлодар облысында, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының аумағында жауын-шашынның мөлшері нормадан төмен болады деп күтілуде, ал қалған аймақтарда – нормадан жоғары.
Амандық болса, биыл қазақ елі көңіл қуантарлық көлемде егінге қол жеткізуі керек. Өйткені аграршы-ғалымдардың да бағалауынша, «ағымдағы ауыл шаруашылығы жылының басы еліміздің негізгі астық себетін аймақтары үшін қолайлы болып қалыптасуда». Өткен жылы шілде айында шектен тыс жауған жауын-шашыннан кейін топырақтың күздік ылғалы мол болып қалыптасты, сондай-ақ қыс мезгілінде қазақ жеріне жеткілікті мөлшерде қар түсті. Сондықтан аграршылар қордаланған ылғалды сақтап, оны тиімді пайдаланса, көктемгі дала жұмыстарын өткізу үшін соның өзі жеткілікті.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпарынша, республикамызда 2015 жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 21,5 миллион гектар алқапқа егілетін болады. Оның ішінде дәстүрлі түрде бидай және басқа дәнді дақылдардың үлесі басым: 15,2 миллион гектарды алып жатады. Бұл ретте майлы дақылдар 2,2 миллион гектарға егіледі. Ал малға арналған азық-жемге – 3,7 миллион гектар, көкөніс дақылдары мен картопқа – 413,6 мың гектар бөлінеді.
АШМ кейбір аймақтарда «тұқым тапшылығы» орын алғандығын хабарлайды, бірақ ол облысішілік, облысаралық алмасу және бидайды форвардтық сатып алу бағдарламасы есебінен ендігі толтырылыпты.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін шаруалар «ҚазАгро» холдингі мен коммерциялық банктер арқылы ендігі 60 миллиард теңге көлемінде бюджеттік несие алды.
Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге 47 миллиард теңге берілді, оның ішінде «ҚазАгро» холдингі арқылы – 21,8 млрд теңге, форвардты сатып алу бойынша – 11,8 млрд теңге арна тартқан. Екінші деңгейлі банктер арқылы 25,2 млрд теңге игерілді.
Бұдан бөлек, өсімдік шаруашылығы саласын субсидиялауға ағымдағы жылы 78,2 миллиард теңге бағытталады. Сонымен бірге мемлекеттік ресурсқа 3,5 миллиард теңгеге астық сатып алынады.
Егіншілер жанар-жағармайдан да кенде болмауға тиіс. АШМ көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қажетті дизель отынының көлемін 366 мың тонна мөлшерінде белгіледі. 13 сәуірдегі жағдай бойынша 1 литрін 81 теңгеден – 146,8 мың тонна, ал еркін нарықтан 35,3 мың тонна дизель отыны сатып алынды. Жалпы, республика бойынша ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы 93-99% деңгейінде екен.
Қазақстанда жазғы дақылдар қазірдің өзінде 353 мың га алқапқа себіліп үлгерді.
Источник: baq.kz
