Мазмұнға өту
Обложка сообщества Әртүрлi

Қастеев пен «Мәдениетсіздік»

Алматылық құқық қорғаушылар Қастеевтің кенептері табылып, олардың ... 150 мың долларға бағаланғанын айтқанда тіксініп қалдым.

Әдетте атышулы, сол себепті ме - удай қымбат суреттердің тек "Сотби" мен "Кристиде" болатынына, ал авторларының есімдері әдетте француз, испан, жөйіт, итал тілінде келетініне, туғаннан бейсана деңгейде үйреніп қалғанбыз. Әні қызық: енді социалистік реализмнің майталманы Қастеевтің туындысы да айтарлықтай бағаланып тұр!

Қастеевті соңғы рет қашан тамашаладық өзі? Мегаполисте тұратындар көшпелі көрмеден көріп қалмаса, санасы қалыптасу кезеңі шалғайда өткен біз сияқтылар мектептің кітабынан ғана байқаған шығар. Заңғар кенепті көзбен көріп, қылқаламның іздерін сезінбегесін, талғам қайдан болсын? Соның салдары емес пе екен: тұрмыс тұмшалаған, мәдениетсіз, әлде тым рационал есеппен қалыптасқан санам - 50 мың долларды... тіпті ойша да Қастеевке қимайды! Ол аздай, "белгісіз болып қалуды жөн көрген әлдекімнің" Кристиден бәлен миллионға, анау-мынау сау адамға түсініксіз шимайды алып кеткенін жаңалықтардан естігенде, замандастарымның бірқатары біреудің қалтасы үшін жаны ашып, "еріккен есерсоқ" деген баға беріп тастайтыны жасырын емес. Ол неден?

Егер сіз де мен сияқты, "Мона Лизаның" баға жетпестігін, Ван Гогтың қымбаттығын жер көріп, ел көрген орта жасқа жеткенде ұғынып жүрсеңіз, ол кезінде танымдық-әуесқойлық әдебиеттің мардымсыз болғанынан шығар. Қазір ақпарат жеткілікті ғой. Караваджоның ашу-ызаға толы кенебін көк жәшіктен көріп-ақ үрейленсеңіз, дегенмен талғамның ұшқыны пайда болғаны дейік. Әрине, шетелдік кабельдік мәдени телеарналар  жақын арада Қастеевті көрсете қоймас. Бірақ әйтеуір өзіміздің "Мәдениет" арнасы әлдеқашан дәріптеп жүр. Әр бейсенбі сайын жиырма минутыңызды қиып қарасаңыз, май бояу мен қылқалам сатып алуға тұра жүгірмессіз, бірақ, осынау қияли да арманшыл "суретші" деген қауымның жер бетіндегі миссиясына көзің жетіп, жалпыадамзаттық әрі мәңгілік құндылықтарды уағыздаудағы орасан болғанымен, тасада қалып келе жатқан ерен еңбегіне тәнті боласыз. Сонда барып бір күні Қастеев үшін 150 мың долларды ең болмаса ойша қиып қаларсыз. Ол да үлкен адым болмақ...

2
0
506

Осы тақырып бойынша

Қастеев пен «Мәдениетсіздік» - Yvision.kz