Астаналық десантшылар жауынгерлік дабылмен көтерілді

ҚР ҚК Бас штабы Орталық командалық пунктінен пәрмен алысымен бригаданың жеке құрамы тактикалық-сап сабақтарын өткізуге кірісті. Құрама командирі генерал-майор Алмас Жұмакеевтің басшылығымен жауынгерлік машиналар паркінен бронетранспортерлер, «Камаздар», танктер, «Кобра» жауынгерлік барлау машиналары, инженерлік-саперлік және басқа да техникалардан тұратын үш жүзден астам қару-жарақ пен әскери техника шығарылды.
Бөлім сардарлары мен сарбаздары белгіленген уақытта толық жауынгерлік мүлкімен өз позицияларынан табылды. Әскери қызметшілердің іс-қимылдарын бөлімге арнайы шақырылған республикалық телеарналардың журналистері бақылады.
БАҚ өкілдері десантшылардың қысқа мерзім ішінде жауынгерлік тапсырмаларды орындауға әзір болып, белгіленген ауданға дер кезінде табан тірегеніне тәнті болды.
Бағынысындағылардың іс-қимылын бағалаған генерал Жұмакеев құрамының әскери қызметшілері жүктелген тапсырмаларды сауатты орындағанын, «оқу дабылына» сәйкес барлық техника ақаусыз от алып, белгіленген ауданға жылжығанын атап өтті.
ҚР ҚМ Баспасөз қызметі
