Астанада журналистер арасында шағын футболдан республикалық турнир өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат — Қазақстан Журналистер одағы Астана қалалық филиалының ұйымдастыруымен республикалық Баспасөз күні қарсаңында елордалық майдангер, жазушы-журналист Әскен Нәбиевті еске алу құрметіне арналған журналистер арасында шағын футболдан бірінші республикалық жарыс басталады.
Жарыстың мақсаты — БАҚ өкілдері арасында салауатты өмір салтын насихаттай отырып, Ұлы Отан соғысына қатысқан қарт майдангер журналистің ерлік істеріне тағзым ету.
Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, дүбірлі додаға 9 команда қатысады. Атап айтқанда, жасыл алаңда «Қазконтент» АҚ, «Хабар Астана», «Егемен Қазақстан», Қазақ радиосы, «ҚазАқпарат», «Қазақстан» арнасы, «Қазспорт», «Хабар Алматы», «Журналистер үйі» командалары бақ сынайды.

