Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Астанада сумо балуандары өнер көрсетеді

17 наурызда Астанада ең көне жекпе-жек түрлерінің бірі -сумо балуандарының көрсетілімдік белдесулері өтеді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Астана қаласы әкімдігінің және «Қазақстан барысы» федерациясының қолдауымен Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Елшілігі ұйымдастыратын шараның негізгі мақсаты — Жапонияның ең танымал дәстүрлі спорт түрін Қазақстанда насихаттау болып табылады.

Аталмыш шара қала тұрғындары мен қонақтарына сумо балуандарының шынайы жекпе-жегін өз көздерімен көріп, жауынгерлік рухты сезініп, бұл спорт түрімен жақынырақ танысуларына мүмкіндік береді.

Көрсетілімдік белдесулерге күншығыс мемлекетінде сумомен 10 жыл бойы кәсіби айналысқан әйгілі қазақстандық сумошы Сүйеніш (Жапонияда Казафузан деген есіммен белгілі) қатысады.

Көрсетілімдік белдесулер 17 наурыз күні сағат 19.00-де елордадағы «Хан шатыр» ойын-сауық орталығында өтеді.

Ал оның алдында, яғни 16 наурыз күні «Дәулет» теннис орталығының баспасөз орталығында Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Камохара Масаеси, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов, Қазақстан Сумо федерациясының төрағасы Бағлан Ыдырысов пен сумодан жасөспірімдер арасындағы Жапония чемпионаттарының жеңімпазы Миэда Катаро баспасөз мәслихатын өткізеді, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінен.

   
0
0
414

Осы тақырып бойынша

Астанада сумо балуандары өнер көрсетеді - Yvision.kz