Астанада әлемдік деңгейдегі эпилептолог мамандар осы аурудың күрделі түрімен ауыратын науқастарға кеңес береді
Бүгін Астанада «Эпилепсия: проблемалар және көмекті жақсарту бойынша стратегия» тақырыбында халықаралық конференция өз жұмысын бастады. Жиынға Қазақстан, ТМД елдері және алыс шетелдерден (АҚШ, Италия, Швеция, Ұлыбритания, Греция) неврология және эпилептология саласының 300-ден астам маманы қатысуда. Аталған іс-шара аясында ағымдағы жылғы 9-10 сәуірде әлемдік деңгейдегі дәрігер-эпилептологтар аурудың ауыр түріне шалдыққан науқастарға кеңес береді.
Іс-шараны ұйымдастырушылар: ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, Эпилепсияға қарсы Қазақстанның Ұлттық Лигасы, «С.Қайшыбаев атындағы неврология институты» ғылыми-зерттеу орталығы, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің неврология кафедрасы, Халықаралық эпилепсияға қарсы лиганың Еуропалық комиссиясы.
Эпилепсия (қояншық, талмалы ауру) бүкіл әлемде ең көп тараған неврологиялық аурулардың бірі саналады. Орташа алғанда тұрғындардың 1%, яғни әлем бойынша 65 млн.-нан астам адам осы дертпен ауырады. Ал Қазақстанда 25 мыңнан астам науқас диспансерлік тіркеуде тұр.
2008 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүйке-психикалық денсаулықты сақтау саласындағы олқылықтарды жою жөніндегі іс-әрекеттер бағдарламасын жариялады. Оның мақсаты – жүйке жүйесі бұзылған адамдарға арналған қызметті кеңейту боп табылады. Бағдарлама ауруды ерте анықтау, емдеуді бақылау және науқастарды әрі қарай қадағалау саласындағы медициналық-санитариялық алғашқы көмектің маманданбаған провайдерлерінің тәжірибесіне негізделген.
Астанада халықаралық конференция өткізу денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, отандық медицинаны халықаралық заманауи зерттеу бағдарламаларына ықпалдастыруға, медицина мамандарының білім деңгейін және науқастарға көрсетілетін көмек сапасын арттыруға бағытталған.
