Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Астанада экологиялық таза пакеттер өндірісі ашылды

Экологияға залал келтірмейтін қапшықтар.

Астанада табиғатты ластамайтын өнім шығаратын жаңа кәсіпорын ашылды. Мирас Аббасов – 10 жылдың ішінде бизнестің түр-түрімен айналысып көрген кәсіпкер. Жақында ол Қытайға да барып келді. Көрші елде экологияға ерекше ден қойылғанын байқаған азамат осы саланы өзімізде де тиімді пайдаланып, бизнес бастауды жөн көрді. Осылайша Мирас Астанада цех ашып, ең көп дегені 250 күнде шіріп, топыраққа толығымен сіңіп кететін пакет шығаруға кірісті. Бұл өнімнің құрамында бірде-бір химиялық қоспа жоқ, керісінше, тек сүт қышқылы, целлюлоза мен крахмал бар. Тиімділігі де осында.

Мирас Аббасов, жеке кәсіпкер:

- Бүкіл әлем «жасыл» технологияларға ауысып жатыр. Ал біз болсақ, әлі күнге дейін полиэтилен пакеттерін қолданып жатырмыз. Олар 100 жылға дейін шірімей, сол қалпы жатады. Салдарынан экологиямыз үлкен зардап шегіп отыр. Қаншама жануар сол пакеттер ішіне кеткеннен кейін қырылып жатыр. Сондай-ақ, бұл қаптардың ішінде тамақты сақтау ыңғайлы. Өйткені мұның ішінде азық-түліктер бұзылмайды. Біз болашақ ұрпақтарымыз үшін табиғатымызды таза күйінде сақтап қалуымыз керек.

Құрылғы минутына 100 экологиялық таза пакет шығарады. Бір күн ішінде отандық кәсіпкер шамамен 7 мың осындай қап шығаруға қауқарлы. Қазір Астана қаласы тұрғындарының қажеттілігі 30 млн пакетті құраса, бұл өндіріс орны халықтың 6/1 бөлігін өз өнімімен қамтымақ. Айта кетсек, Мирас Аббасов бұл кәсіпорынды аяққа тұрғызу үшін мемлекеттен көмек сұраған емес.

Мирас Аббасов, жеке кәсіпкер:

- Біздің мемлекетте бизнеспен айналысуға барлық жағдай жасалған. Тек қоғамға пайда тигізетін жоба тауып, соны дамытамын деген мақсат қою керек. Мемлекетке алақан жайып, қашан көмектеседі деп күтіп отырудың еш қажеті жоқ. Ел экономикасын дамытатын адамдар ол біз – кәсіпкерлер.

Бұл пакеттер әлі дүкен сөрелеріне шыққан жоқ. Кәсіп иесі бірқатар сауда орталықтарымен келіссөз жүргізуде. Әзірге экологиялық таза қапты сатып алуға ниетті дүкен саны аз. Бар гәп өнім құнында жатыр. Бір пакеттің бағасы көлеміне байланысты 8-бен 17 теңге аралығында. Алайда кәсіпкер келешекте тауардың қымбаттылығы емес, қоршаған ортаның тазалығы үстем болатынына кәміл сенеді.

http://gbpp.org/kz/2015/11/10913

 
1
0
898

Осы тақырып бойынша

Астанада экологиялық таза пакеттер өндірісі ашылды - Yvision.kz