Астанада биылға арналған үздік әлеуметтік жобалар таныстырылды
Астанада бесінші мерейтойлық «Қазақстанда жүзеге асып жатқан үздік әлеуметтік жобалар» республикалық көрмесі болып өтті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұйымдастырған шараға «Самұрық-Қазына» қоры мен «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ демеушілік танытты.
Бүгінгі таңда Қазақстанның барлық аймағында үздік әлеуметтік жобаларды іріктеу аяқталды. Өңірлерден келіп түскен 155 өтініштен биыл 20 жоба үздік деп танылды.
Үздік әлеуметтік жобаларды іріктеу өлшемдері ретінде 6 бағыт анықталды. Олардың негізгілері: мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға оңалту іс-қимылдарын өткізу, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсету, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, жұмысқа орналастыру және басқалары.
Көрме жұмысына халықты әлеуметтік қорғау және арнаулы әлеуметтік қызметтер саласына қатысы бар үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, мүгедектер бірлестіктері, жеке тұлғалар қатысты.
Аталған шараның мақсаты – қиындыққа тап болған азаматтардың мәселелеріне қоғам назарын аудару.
Жалпы соңғы 5 жылда үздік әлеуметтік жобалар байқауына 650 өтініш қабылданып, 114 әлеуметтік жоба жеңімпаз деп танылды.
Тиісті уақыт аралығында байқауға қатысушылар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттар мен қаражат түрінде қолдау тапты. Нәтижесінде, өңірлердегі қиын жағдайға тап болған үш жүз мыңнан астам азамат дер кезінде көмек алды.
